Алакөл жағалауына жаңа желіден электр қуаты беріле бастады


Алакөл жағалауындағы демалыс орындарына жаңа «Ақши» қосалқы станциясынан электр жарығы беріле бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жағалауды электрмен үздіксіз жабдықтау үшін Бескөлден Ақшиге дейін жоғары вольтты электр беру желілері салынып, жаңа «Ақши» қосалқы станциясының құрылысы жүргізілген болатын.
«Демалыс орындары заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтарды тұрақты пайдаланғандықтан, ескі желі электр қуатының ауқымды жүктемесін көтере алмай жиі сөнетін және электр қуатына деген тапшылық байқалған. Осы мәселені шешу үшін Бескөлден Ақшиге дейін 56 шақырым 110 КВт электр желісі тартылып, қосалқы станция салынды. Жоба жоспар бойынша келесі жылы аяқталуы керек болатын, бірақ мердігер компания жұмысты қарқынды жүргізіп, биылғы демалыс кезеңіне дейін 4-6 маусымнан бастап демалыс аймақтарына жаңа желіден электр қуатын берді. Қосалқы станция 32 МВт элект қуатын шығарады, ал қазіргі қажеттілік 10 МВт құрап отыр, яғни жаңа желінің қуаты болашаққа есептелген», - дейді Алакөл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Айдар Әбішев.
Электр тапшылығы мәселесінің шешілгеніне демалыс орындарының иелері де риза.
«Бұрын жарық жиі өшіп, біздің жұмысымызға, демалушыларға да көп қолайсыздық туғызатын. Кондиционер, бойлер, тоңазытқыш секілді құрылғыларымызды қатар қоссақ, қысым көбейіп кете ме деп алаңдайтынбыз. Биылғы жаңа маусымнан бастап осы қиындықтан құтылдық. Бұл – жағалауды дамытуға жасалған жемісті қадам болды деп ойлаймын», - дейді кәсіпкер Асхат Слямов.
Осы жаңа желі арқылы болашақта кәріз тазарту құрылғысына да электр қуаты беріледі. Ақши ауылында кәріз жүйесінің құрылысы жобасы 2023 жылы іске асырылып, 69,7 шақырым кәріз желісі салынған болатын, ендігі кезекте Ақши аулында кәріз тазарту құрылғысын салу жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлік ұйым нысанның құрылыс жұмыстарын осы жылдың 27 сәуірінен бастаған. Бүгінгі күні зертхана ғимаратының іргетасына шұңқыр қазу, КОС ғимаратына шұңқыр қазу, сондай-ақ тұндырғыштар үшін топырақ шығару жұмыстары сияқты жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Айдар Әбішевтің айтуынша, кәріз суы биологиялық өңдеуден өткізіліп, бұдан әрі техникалық су ретінде көгалдандыру мақсатына пайдаланылатын болады.
Осы ретте атап өтсек, демалыс орындарында байланыс пен интернеттің сапасын арттыру мақсатында жағалауда 16 базалық станция жұмыс істейді, 2024 жылы оптикалық-талшықты желі тартылды. Интернет байланысына туристік нысандар кезең-кезеңімен қосылуда.