00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

АЭС-тің экономикалық және экологиялық әсері қандай

21 қыркүйек, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
АЭС-тің экономикалық және экологиялық әсері қандай
Freepik

АЭС тақырыбы қоғамда қызу талқылануда. Әсіресе экономикалық және экологиялық әсері жайлы түрлі әңгіме өрбуде. Біз сарапшы мамандардардың осыған байланысты пікірін білдік.

Елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 40-60 пайызға жеткізу керек. Әрі инновациялық өндіріс орындарын ілгерілету міндеті тұр. Ол үшін шетелдің ірі компанияларын инвестор ретінде тарту маңызды. Кез келген компания бірінші кезекте тұрақты электр энергия көзін сұрайды. Онсыз даму мүмкін емес. Сондықтан Үкімет үздіксіз энергия беретін станцияны салуға мүдделі. АЭС-ті осы тұрғыда қарастыру маңызды.

«Энергия сақтап қоятын зат емес, өндірген мезетте тұтыну қажет. Сондықтан таңғы 9-10, кешкі 17-18 кезінде энергиялық дефицит орын алады. Мәселен, 2023 жылы Ресейден энергия жеткізілім көлемі шамамен 2 миллиард киловатт-сағатты құрады. Егер EXPO кезінде айтқандай, «жасыл» энергения көздерін жетілдіріп, Еуропа елдеріндегідей 40-50 пайызға жеткізсек, әңгіме бөлек. Қазір баламалы энергиядан алатын үлесіміз 10 пайызға, су энергетикасы 15 пайызға жетпейді. Осылай жалғаса берсе, Қазақстан электр энергиясын импорттайтын елге айналады. Бұл – экономикалық тұрғыда тиімсіз. Тау-кен өндірісі, ауылшуашылығы, шағын және орта бизнес және тағы басқа салаларда тапқан ұлттық табысты басқа мемлекеттерден импорттайтын энергияға төлеуіміз мүмкін. Біле білсек, энергетикалық тәуелділік – саяси тәуелділіктің негізі. Қазір электр энергиясын «көзге көрінбейтін мұнай» деп бағалауға болады», – деді экономист-сарапшы Сапарбай Жобаев.

Париж келісімінде «2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізбеген мемлекеттер «жасыл» энергияға көшкен елдерге төлем төлейді деген пункт бар. Біз міндетті 2060 жылға дейін орындауымыз тиіс.

«Қазір Астанада орта есеппен энергияға 20 теңге төлейміз. Бағаны осы мөлшерде ұстау үшін 50 пайызын мемлекет субсидиялап отыр. Энергияны үнемдемесек, 35-40 теңге төлейміз. Кәсіпорындар энергияны өзіндік құнын төлейді. Біз тариф саясатына көшеміз. Сол кезде электр энергиясының өзіндік құны өседі. Жақын жылдары энергияға 40-50 теңге төлеуіміз мүмкін. 2050-2060 жылдары халықаралық келісімге сай қосымша төлем төлейтін болсақ, энергия бағасы тағы 2 есеге өседі. Ал, АЭС-тің энергия бағасы сол кезде салыстырмалы түрде ЖЭС-те өндірілетін энергияға тең немесе арзан болады», – дейді Сапарбай Досжанұлы.

Енді экологиялық мән-маңызына тоқталатын болсақ, бұл туралы «Байтақ» жасылдар партиясының Аппарат басшысы, эколог Бекберген Керей айтып берді.

«Бейбіт атомның экологиялық артықшылықтары – келешек ұрпаққа таза ауа, таза жер және таза су қалдыруға мүмкіндік береді.

Біріншіден, АЭС көмірқышқыл газын, метанды және басқа парниктік газдарды шығармайды. Яғни жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруін алдын алуға мүмкіндік береді. Көмір электр станциясынан айырмашылығы күкірт пен азот оксидтерін, қатты қалдық бөлшектерді, сонымен қатар, адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға теріс әсер ететін басқа ластаушы заттарды іс жүзінде шығармайды.

Екіншіден, жерді тиімді пайдаланады. Атом электр станциялары бірдей қуаттағы күн және жел электр станцияларына қарағанда едәуір аз аумақты қамтиды. Бұл ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және басқа да мақсаттар үшін құнды жерлерді сақтауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, АЭС құрылысы үлкен су қоймаларын құруды және аумақтарды су басуды талап ететін гидроэлектростанциялармен салыстырғанда табиғи ландшафтқа аз әсер етеді.

Төртіншіден, АЭС орналасқан жерде радиоактивтік қалдықтардың өндірістік қызметін бақылауға, оларды залалсыздандыруға және жоюға әлемнің озық технологиялары жетіп асатынын, осы бағытта еліміздің тәжірибесі жеткілікті екеніне сенімдімін, – дейді эколог.

Экологтар арасында егер АЭС Балқаш көліне жақын маңда салынса, су айдынының экожүйесіне теріс әсер ететінін көтеріп, дабыл қағуда. Ал, Бекберген Дүйсенбайұлы АЭС көлдің экологиясына ешқандай да әсер етпейтінін айтты.

«Мәселен, 2021 жылы Балқаш көлінің су балансының шығыс бөлігі су бетінен – 18,9 км3 көлемінде буланады. Ал вендорлар ұсынған деректерге сәйкес, екі блокты атом электр станциясын пайдаланудан судың қайтарымсыз шығыны (булануы) жылына шамамен 63 млн.м3 құрайды, бұл Балқаш көлі булануының 0,32 пайызына тең. Сарапшылардың есебіне сәйкес, Балқаш-Алакөл бассейнінің су ресурсының көлемі 25,2 млрд. м3-ті құрайтын болса, онда атом электр станциясы аталған бассейннің суына айтарлықтай әсер етпейді. Қызықты бір мысал келтірейін, шетел тәжірибесінде АЭС-тің салқындатқыш тоғандарында балықтың ондаған түрі өсіріледі, тіпті балық аулау бойынша халықаралық чемпионаттар ұйымдастырылатын естіп жүрміз. 1-2 миллион халқы бар қаланы электр қуатымен қамтамасыз ете алатын АЭС 60 жыл ішінде 50 текше метр радиоактивті қалдықтар шығарады. Бірақ радиоактивті қалдықтар ешқайда төгілмейді, оны арнайы қоймаларда тұрақты түрде сақталуы мүмкін», – дейді ол.

 

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ