Ақмола облысында қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіш мемориал ашылды


Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға Қорғаныс министрлігінің, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері мен жергілікті тұрғындар келді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жиналғандар жеңіс жолында өз өмірлерін қиып, құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Біз ата-бабаларымыздың, әкелеріміздің, тыл еңбеккерлерінің ерлігінің арқасында бүгінде тәуелсіз елде бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Майдангерлердің ерлігінің құрметіне қойылған ескерткіш мемориалы біздің жастарымызға үлгі болсын. Біз жарқын болашағымыз үшін қан төккендердің есімдерін жадымызда сақтауға міндеттіміз», - деп атап өтті «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов.
Мемориалдық кешеннің орталық тақтасында қаза тапқан жауынгерлердің есімдері жазылған. Басқа тақталарда тыл еңбеккерлерінің есімдері қашалған.
«Мемориалды қою бастамасын ауыл тұрғындары зор ықыласпен қолдады. Жергілікті мектеп түлектері, жастар бірлесіп, игі бастаманы соңына дейін жеткізді. Алғабас ауылының майданға кеткен тұрғындары біздің жадымызда мәңгі сақталады», - деді жергілікті тұрғын, білім саласының үздігі Хадиша Өмірбаева.
Іс-шара Қорғаныс министрлігінің құрмет қарауыл ротасының сүйемелдеуімен өтті. Мемориалға гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін концерт қойылды.