«300-ден астам үлескерді алдаған»: Елордада құрылыс компаниясына қатысты іс тергеліп жатыр

Астана қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасында «Asyl-NurQurylys» ЖШС құрылыс компаниясының басшыларына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, аталған ЖШС өкілдері 2024 жылдың наурыз айынан бастап рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, интернет-платформаларда жарнама беріп, «Mardan» тұрғын үй кешені құрылысы жүріп жатқан үйден пәтер брондау туралы келісімшарттар жасаған. Жалпы 300-ден астам адам зардап шеккен.
Уәкілетті тұлғалар тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау сылтауымен үлескерлердің жалпы сомасы шамамен 4 миллиард теңгені иемденген. Астана қаласы әкімдігі сот шешімімен алданған тұрғындардың мүддесін қорғау үшін нысанды сүріп тастады.
Сотқа дейінгі тергеу барысында ЖШС басшыларының біріне «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылса, екіншісі әлі іздеуде жүр. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде, қосымша сот сараптамалары тағайындалды. Олардың қорытындысы бойынша күдіктілердің іс-әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға берілетін болады.
Құқық қорғау органдары компания басшыларының іс-әрекетінен зардап шеккен азаматтарды Астана қаласы полиция департаментіне, Сейфуллин көшесі, 37 мекенжайы бойынша хабарласуға шақырады.



