Психолог: Бірінші сыныпқа бару – тек бала үшін емес, бүкіл отбасы үшін жаңа кезең

Психолог: Бірінші сыныпқа бару – тек бала үшін емес, бүкіл отбасы үшін жаңа кезең
Фото: Маржан Қайранбаеваның жеке мұрағатынан

Астана қаласының психолог маманы Маржан Қайранбаева мектеп табалдырығын алғаш аттайтын баланың өтпелі кезеңін қалай жеңілдетуге болатынын, қалай психологиялық көмек көрсетуге болатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бірінші сыныпқа дайындық тек оқу құралдарын алу мен әріп үйретумен шектелмейді. Баланың ішкі дайындық деңгейі — өзін қалай сезінетіні, қорқынышы, сенімділігі, эмоцияларын түсініп, басқара алуы — бәрі оқу процесіне әсер етеді.

Фото: Elordainfo.kz

Психолог маманның айтуынша, 6-7 жас аралығы баланың тұлғалық негізі қаланатын психологиялық «жұмсақ кезеңге» жатады. Бұл жаста бала өзін сырттай тұрақты етіп көрсетуі мүмкін, алайда ішкі дүниесінде өзін-өзі бағалауға, ортада қабылдануға, үлкендердің мойындауына деген қажеттілік арта түседі. Сондықтан дәл осы шақта бала мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас ерекше рөл ойнайды.

«Бұл кезеңде баланың көңілі отбасынан қоғамға ауысады. Ол өзін ересек ортада дәлелдеуге тырысады. Өз эмоциясын сыртқа көрсетпей, іштей өңдеуге дағдыланады. Осындай күрделі кезеңде оның өзін сенімді сезінуі үшін бірнеше дағдыны бала бойына алдын ала сіңіріп қойған дұрыс:

– Өздігінен киініп-шешіну, сөмке жинау;

– Күн тәртібін сақтау;

– Өз ойы мен пікірін ашық айтуға үйрену;

– Қателік жасаудан қорықпау, қайта істеп көруге ынталану;

– Эмоциясын түсініп, оны білдіруге мүмкіндік беру.

Мұндай әдеттер балада «Мен өз бетіммен істей аламын» деген ішкі сенім қалыптастырады», –  дейді ол.

Фото: Elordainfo.kz

Психологтың сөзінше, мектепке бейімделу уақыты әр балада әртүрлі өтеді. Бұл кезең шамамен 6 аптадан 3 айға дейін созылуы мүмкін. Ал кейде ол 4-6 айға дейін жалғасады.

«Бейімделуге баланың мінезі, алдыңғы әлеуметтік тәжірибесі, ата-ананың қолдауы мен мұғалімнің қабылдауы әсер етеді. Егер бала үш айдан кейін де мектепке үйренісе алмаса, міндетті түрде маман көмегіне жүгінген дұрыс», – дейді психолог.

Көп жағдайда баланың қорқынышы – ата-ананың өз қорқынышының көрінісі. Ата-ана өзін сенімді ұстаса, балаға да соны «жұқтырады». Сондықтан психолог төмендегі кеңестерді ұсынады:

– Мектепті қызықты, жағымды орта ретінде таныстыру;

– Мектеппен және мұғаліммен алдын ала таныстыру;

– Үйде «мектеп ойынын» ойнап көру;

– Баланың ойын тыңдау, қорқынышын жоққа шығармай түсіністікпен қарау;

– «Сенің қолыңнан келеді» деген сенім білдіру.

Фото: Elordainfo.kz

«Ата-ана тарапынан жиі жіберілетін қателіктер – баланы басқа балалармен салыстыру, мектеппен қорқыту, «қателік жасаса, ұрысу», баланың пікірін елемеу. Мұндай әрекеттер баланың сенімін жояды, өзін төмен бағалауға итермелейді. Керісінше, баланың ойын тыңдап, қолдау білдіру бейімделу процесін жеңілдетеді», – дейді маман.

«Ал мектепалды дайындық курстары баланың ұжымға үйренуіне, тәртіпке бейімделуіне, зейінін, сөйлеу және есте сақтау қабілетін дамытуға үлкен көмек береді. Бірақ курс тым ауыр, мазмұны баланың жасына сай болмаса, ол керісінше, күйзеліс тудыруы мүмкін», – деп түсіндірді психолог.

Фото: Elordainfo.kz

«Егер бала мектепке барғысы келмеген жағдайда, балаға ұрыспау керек. Қорқынышын жоққа шығармай, сабырмен тыңдап, не мазалайтынын түсінуге тырысу қажет. Мұғаліммен байланысып, сыныптағы жағдай туралы ақпарат алу керек. Егер ата-ана бұл жағдайды өз бетімен шеше алмаса, психолог көмегіне жүгінген жөн», - деді Маржан Қайранбаева.

Фото: Elordainfo.kz

Бірінші сыныпқа бару – тек бала үшін емес, бүкіл отбасы үшін жаңа кезең. Сондықтан отбасында жылы, қолдаушы атмосфера болуы маңызды.

«Бұл кезең – ешқашан қайталанбайтын ерекше уақыт. Егер бұл уақытты ата-ана баланы қорқытпай, асықтырмай, ойын арқылы, қолдау көрсете отырып өткізсе, бұл оның өмір бойғы сенімділігі мен өзін-өзі бағалауына оң әсер етеді», – дейді маман.

Айта кетейік, маман ата-аналарға: «Балаға өмірге дайын адам ретінде емес, даму үстіндегі тұлға ретінде қарау қажет. Әр эмоциясы, әр сұрағы, әр қателігі — оның өсу процесінің бөлігі», – деген кеңес берді.

Сара Қамзаева