Ел бойынша қылмыс деңгейі 5 пайызға төмендеді

Ел бойынша қылмыс деңгейі 5 пайызға төмендеді
Фото: ҚР Бас прокуратурасы

Бас прокуратурада облыстардың және оларға теңестірілген аумақтардың прокурорларының қатысуымен, сондай-ақ барлық аумақтық прокуратуралардың онлайн-қосылуымен кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құқықтық ағарту және алдын алу шеңберінде прокуратураның үйлестіруімен әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылуда. Мысалы,  «Заң мен Тәртіп» атты мектеп пәнін енгізу, балаларды цифрлық қорғауға арналған «Балалар СИМ-картасы» жобасы және т.б.

Әлеуметтік тұрақтылықтың іргелі негізі ретінде қауіпсіз қоғамды қалыптастыру мақсатында, ағымдағы жылы әлеуметтік-экономикалық салада 2 млн-нан астам азаматтың құқықтары қалпына келтірілді, 14 мыңнан астам лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Жер қойнауын пайдалану, мұнай-газ өндіру, бағалы металдар айналымы, балық аулау және экспорттау, медициналық сақтандыру, спорт және басқа да әлеуметтік маңызы бар салалардағы тексерулердің қорытындысы бойынша 100 қылмыстық іс қозғалып. 58 адам сотталды.

Прокуратураның тұрақты бақылауында — криминогендік жағдай. Ел бойынша қылмыс деңгейі 5%-ға төмендеді (56 369-дан 53 379-ға дейін).

Мемлекеттік айыптау 12,5 мың қылмыстық іс бойынша қолдау тапты. Қадағалау шеңберінде 425 адамға қатысты сот актілері заңға сәйкестендірілді, 248 сотталушының жағдайы жақсарды.

Есірткі және киберқылмыспен күрес бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Прокуратураның бастамасы бойынша 10 млрд теңгеден астам сомаға он мыңнан астам «тамшы» және есірткі дүкендерінің шоттары бұғатталды.

Кибералаяқтыққа қарсы күрес шеңберінде ағымдағы жылы үш халықаралық қылмыстық колл-орталық жойылды. Прокуратураның үйлестіруімен «СИМ-бокстарды»пайдалану бойынша 47 сотқа дейінгі тергеу басталды, 82 құрылғы және 50 мыңнан астам SIM-карта тәркіленді, 36 адам, оның ішінде 16 шетелдік ұсталды. 4 іс бойынша үкім шығарылды.

Арнайы прокурорлардың өндірісіндегі резонанстық істер бойынша үкімдер шықты.

Халықаралық ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Ағымдағы жылы Катар және Кипрмен үш келісім ратификацияланды. 27 адам экстрадицияланды, 66 адам шет мемлекеттерге берілді.

Қазақстан Еуропалық құқықтық көмек туралы Конвенцияға қосылу жөнінде ресми шақыру алды. Бұл – құқықтық және дипломатиялық үлкен жетістік. Бұл – Еуропалық Одақтың Қазақстанның құқықтық жүйесін мойындауы. Мұнда Мемлекет басшысының рөлі ерекше болды.

Отырыс қорытындысы бойынша Бас Прокурор басым міндеттерді айқындап, алдағы кезеңге нақты тапсырмалар берді. Прокуратура “Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасын іске асыруды, азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауды, активтерді қайтару, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қадағалау қызметінің басқа да маңызды бағыттары бойынша белсенді жұмысты жалғастырады, қылмысқа қарсы күресті үйлестіруді қамтамасыз етеді.