АЙ мен КҮНДІ ҰСТАП КӨРГЕН ДОСЫМ-ай!

АЙ мен КҮНДІ ҰСТАП КӨРГЕН ДОСЫМ-ай!
Фото: Несіп Жүнісбайұлының Facebook парақшасынан

Талғат Мұсабаев екеуміз бір жылдың төлі едік. Оның туған жыл-күнін 07.01.1951 десе де (соның өзінде арамыз 27 күн ғана!), ол өзі менімен жолыққан сайын мен 1950 жылы туғанмын дейтін.

...Мен Талғаттан бұрын оның әкесін таныдым. Амангелді аға сол кездегі сирек спорт журналистерінің бірі еді. Сонау 1916 жылы туған ақсаал мен ҚазМУ бітіріп, «Лениншіл жас» газетінің спорт бөлімін басқарған жылдары редакцияға келіп, менімен көп әңгімелесетін. Мені «Несіпжан, Несіпжан...» деп жақсы көріп тұратын. Амангелді ағаны мен ұстаз деп таныдым. Ол кісі ерте қартайды, ауыр тұрмыстан ба, сол 60-тан жаңа асқан кезде-ақ жүдеп жүретін. Сонда да спорт журналистігін тастамай, архивтерден қазақтың алғашқы қарлығаш спортшылары жайлы деректер тауып әкеліп, екеуміз біздің газетке және «Спорт» газетіне біраз мақала жарияладық.

...Ұзамай мен самолет спортынан (жоғарғы пилотаж) КСРО чемпионы болған тұңғыш қазақ Талғат Мұсабаев жайлы естідім де іздеп барып, «Лениншіл жасқа» очерк жаздым. ...Арада біраз жыл өтпей, Талғат пен Борисов деген ұшқыш екеуі бұзылған АН-2 самолетін айдалаға қондырып, 9 адамның өмірін сақтап қалды. Мен дереу екеуін тауып алып, «302 рейс қонуға рұқсат сұрайды» деген зерттеу мақала жазып, «Лениншіл жастың» бір бетіне түгел жарияладық. Бұл оқиға жоғары жақтың көзіне түсті. Біз оны екі ауыз сөзбен Одақтың бас газеті «Правдада» жарияладық. Сол кезде Талғат Одақтағы космонавтар отрядының есігін қағып, кіре алмай жүреді екен, біз газет редакторы У.Қалижановтың атынан сол кездегі Қазақстан министрлер Кеңесінің төрағасына Талғатқа осы істе көмектесуін сұрап хат жаздық. Ұзамай Талғат Одақ космонавтар отрядына қабылданды. Әрине, себеп біздің хатта ғана болмас, бірақ ол өзі Пекин Олимпиадасына бірге барғанда, екеуара сұхбат барысында сол кездегі біздің әрекеттеріміз оның космонавтар отрядына алынуына үлкен көмек болғанын ағынан жарылып айтты («Олимпийский маршрут: китайское чудо» кітабы, Дәуір-2010 жыл, 77-91 беттер).

Фото: Несіп Жүнісбайұлының Facebook парақшасынан

...Космос жайлы айтудың өзі оңай шаруа емес қарапайым адамға. Ал, Талғат Мұсабаев Ай менен Күннен қол созым космос кеңістігінде 342 күн (!) қалықтап жүрген тұңғыш әрі жалғыз ҚАЗАҚ!!! Бұл көрсеткіш – бүгінге дейін орыстар мен әмрикандықтардан кейінгі үшінші көрсеткіш! Талғат Мұсабаевтың арқасында Қазақ мемлекеті космосқа ұшуда әлемдегі үшінші орында тұр! Тыңдаңыздар! Ойланыңыздар! Мақтаныңыздар! Қазақстан космос кеңістігін шарлау уақыты бойынша ӘЛЕМДЕГІ ҮШІНШІ ОРЫНДА!!! Ол табысты бізге сыйлаған қарапайым ғана спорт журналисінің баласы – Талғат АМАНГЕЛДІҰЛЫ Мұсабаев!

...Талғатжанның тағы бірнеше рекорды бар. Ол – тұңғыш рет кеме командирі ретінде космосқа жәй саяхатшы алып ұшқан қазақ! Ол – саяхатшысы ұшу барысында салмақсыздық заңын сақтамай, шекесін жарып алғанда, аяқ-қолы жерге тимей ұшып жүріп, әлгі әмрикандық саяхатшының шекесін тіккен қазақ! Сол оқиға жайлы ол: «Бұл бір адам айтса сенгісіз оқиға, - дейді. - Қан шекеден төмен ақпайды, жарылған жерден шыға сала буда-буда қан ауада өзіңмен бірге ұшып жүреді».

...Космосқа үш рет ұшқан Талғат ашық космоста 44 сағатқа таяу болған қазақ! Сағатына 28 мың шақырым жылдамдықпен ұшып келе жатқан Халықаралық космос станциясынан шығып, ол станцияға адам баласының анасынан туғандағы кіндігіне ілінгендей білектей ғана арқанға ілініп тұрып, осынша жылдамдыққа шыдау – орыстар мен әмрикандардан кейін тек қазақтың ғана қолынан келді! Ол қазақ – Талғат Мұсабаев!!!

...Ол елін, ұлтын құлай сүйетін. Космос кеңістігінде болғандағы әңгімесін айта отырып, былай деген: «Біз жер шарын шамамен 1 сағат 30 минутта бір айналып шығамыз (енді ол космоста болған 342 күнде жерді қанша рет айналып шыққанын өзіңіз есептеп шығара беріңіз – Н.Ж.) Сонда деймін Еуропаның кейбір елін 1-2 минутта өте шықсақ, Қазақстанның үстімен 7 минутқа таяу ұшамыз». Осы сөздердің өзінде Туған жерге деген қаншалықты махаббат, қаншалықты мақтаныш жатыр!

...Талғаттың қызметі, марапаттары туралы айтпаймын. Оның өзі бір түйеге жүк. Ол мейірімді еді. Әкесі жайлы менің әңгімемді естіп, «менің бұл жетістіктерімді әкем көре алмай кетті» деп жылап алатын. «Талғатжан, күйзелме, сенің ерліктерің әкеңе космос арқылы жетеді» деп жұбататынмын. Достыққа адал еді. Космонавтар отрядына алынғаннан кейін мен республикалық «Спорт» газетіне бас редактор боп тағайындалғанда арнайы келіп, құттықтап шықты (Бірге отырған суретіміз сол 1991 жылы түсірілген еді – Н.Ж.).

Фото: Несіп Жүнісбайұлының Facebook парақшасынан

...Ұлы қазақ дүниеден өтті! Кеңес Одағының да, Қазақстанның да ең жоғары атақтарын (Халық қаһарманы, Ресей батыры) алғанымен, Талғат өз ерлік, еңбектеріне лайық ел бағасын алған жоқ! Оның космостағы бір ғана күні бүкіл халық болып тік тұрып, қол соғуға лайық еді... БІР КҮНІ ҒАНА!!! Ал, оның ашық космостағы бір ғана секунды тұтас ұлттың атын космос кеңістігіне алтын әріптермен жазған еді! БІР СЕКУНДЫ ҒАНА!!!

...Халық оны Латвияда оқып, латыш қызына үйленгеннен соң құшағына тарта қоймады. Қазақтың небір бөтен елден әйел таңдағандарының өзін ұлт көсемі, ұлт мақтанышы атандырып жүр емеспіз бе, неге бұлай?

...Халық оны таза техникалық тілде сөйлеп, таза темір-терсек арқалап, сол жайлы ғана айтқан жан болған соң құшарлана сүйе қоймады. Сахнада 4-5 ән айтқан әншіні ғашығындай сүйіп айрылмай жүрген қазаққа: «Талғат Мұсабаев ол әншіңді миллион рет орап алатын еңбек сіңірді қазаққа!» деп түсіндіре аласың ба? Олай айтсаң, қазақ саған жын қаққан біреудей қарайды. Бүгінгі қазаққа ғылым мен техника, математика мен кибернетика керек емес, оларға – ән мен тойды бере бер, бере бер!

...Талғатжанның иманы жолдас болып, Алла алдынан жарылқаса екен! Енді екінші ғұмыры басталса екен! Кеше ған көз алдында жүргенде ҰЛЫ ҚАЗАҚТЫ көрмеген соқыр көздер ашылып, қазақ елі кімді жоғалтқанын білсе екен...

...Қош, Ай мен Күнді түбінен көрген досым, қазақ халқын таяу ғасырда сенің ерлігіңді қайталайтын ұл туа алмай, айран-асыр қылатын шын мәніндегі ғажап ТҰЛҒА, ғаламат БАТЫР, дара ҚАЗАҚ Талғат МҰСАБАЕВ!!! Бізді К Е Ш І Р!

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

спорт журналистикасының ардагері