Әлеуметтік реформаларды халыққа дұрыс түсіндіру қажет – Смайылов
Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын тиімді жүзеге асыру керек. Бүгінгі таңда осындай 57 мыңнан астам адам проактивті сырттай форматта куәландырылды. Бұл мүгедектікті белгілеу бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтердің 23 пайызын құрайды. Тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, мүгедектік анықталған кезде медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін одан әрі жетілдіруді жалғастыру қажет. Сондай-ақ әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту аясында әлеуметтік қызмет көрсететін интернат-үйлерін кезең-кезеңімен кеңейту керек. Әр өңірде сыйымдылығы шағын үйлерді ашу бойынша пилоттық жобаны іске қосу маңызды, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр министрлік жұмысының барлық бағыты бойынша жүргізіліп жатқан әлеуметтік реформаларды халық дұрыс түсініп, қабылдауы үшін түсіндіру жұмыстарын белсенді жалғастыру қажеттігіне назар аудартты.
Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындау бойынша міндеттер министрліктің даму жоспарына енгізілуі тиіс. Бұл құжат осы айдың соңына дейін қабылдануы керек. Жалпы министрлік еліміздің әлеуметтік-еңбек саясатын қалыптастыру мен оны іске асыру бойынша өзінің үйлестіруші рөлін күшейту керек, - деді Әлихан Смайылов.