Сапарбай Жобаев: Елімізде қаржылық тұрақтылық болу үшін бюджет табысы артуы қажет
Бүгін түстен кейін Қазақстан қор биржасында сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың ұлттық валютаға шаққандағы орташа бағамы 523,58 теңгені көрсетіп тұр. Доллар бағасы қараша айының соңғы аптасында күрт қымбаттады. Экономист Сапарбай Жобаев доллар бағасының өсіп, теңгенің әлсіреуіне түрлі факторлар себеп екенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Белгілі экономистің айтуынша, доллар бағасының өсуі ең алдымен импорттық тауарлардың бағасына әсер етеді.
«Елімізде өткен аптада доллар бағамы өзгеріп кетті. Оған көп жағдайлар себеп болып отыр. Біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғаннан кейін Ресеймен бірге ұлттық валютамыздың бағамын сәйкестендіріп жүруіміз керек. Бұл - дұрыс саясат. Дегенмен доллардың қымбаттауы халыққа әсер етпей қоймайды. Ең алдымен импорттық тауарлар, яғни долларға сатып алатын өнімдер қымбаттайды. Яғни дәрі-дәрмек, түрлі техникаға қажетті құрал-жабдықтар бағасы өседі. Саудагерлер доллар қымбаттағанын естіп, дүкен сөресінде тұрған тауарларды бірден қымбаттатып жібереді. Бұл әрекеттерін олар алдағы уақытта тағы да сатып алатын тауарларға қаражат керек деп түсіндіреді. Мұндай кезде халық «тамақ қымбаттайды» деп жатады. Бізде 80 пайыз тамақ өнімдері өз елімізде өндіріледі. Дегенмен баға өзгереді. Себебі доллардың қымбаттауы ауыл шаруашылығы техникасының қымбаттауына әсер етеді. Ал киім-кешек бағасына аса қатты әсер етпейді. Себебі елімізге келетін киім-кешектің көбі Қытайдан сатып алынады. Қытай валютасы юань бірқалыпты тұр. Бұл тек ең маңызды салалар деп айтсақ болады», - дейді сарапшы.
Сапарбай Жобаевтың сөзінше, елімізде қаржылық жағдайды ұстап тұру үшін ел бюджетіне салық түсімі көп болу қажет.
«Мұндай кезде инфляция бойынша сұрақ туындайды. Оған тарифтер саясатының әсері бар деп айтар едім. Бұл - біздегі көлік, жылу, электр энергиясы, су салалары, яғни мемлекет антимонополистік жүйемен олардың бағасын реттейді. Бұл бағалар - өте төмен. Мәселен, жанармайдың бағасы бізде 205 теңге, Ресейде 350 теңге, Қырғызстанда 400 теңге, Өзбекстанда 450 теңге. Оларға қарағанда біз жанармай бағасын ұстап отырмыз. Сондықтан да тарифтік саясатты екпіндету керек. Елімізде ай сайын төленетін коммуналдық төлемдер арзанырақ, бірақ тарифтік саясат бойынша олардың бағасын көрші елдердің бағасымен сәйкестендіру керек. Тарифтер көтерілгенде көмекке мұқтаж жандарға атаулы көмекті бюджеттен көбейту қажет. Сонымен қатар бюджет табысын көбейту керек. Жасыратыны жоқ, қазір еліміздегі ірі компаниялар мен кәсіпорындар салық төлемеудің амалын табады. Егер олар табысын жасырмай, тиісті салығын мемлекетке төлеп отырса, онда ел бюджетінің табысы артатын еді. Сәйкесінше, халыққа берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі артып, халықтың өмір сүру деңгейі жақсара түседі.
Одан бөлек қазақстандықтар еңбек өнімділігін арттырып, көбірек табыс табуға әрекет жасау керек. Егер де доллар қымбаттап, ал халық сол баяғы айлығымен жүрсе, әрине қымбатшылықты сезінеді»,- деп түсіндірді экономист.