Польшада халықаралық Абай оқулары өтті


Польшадағы Помор университетінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай оқулары: Еуразиялық кеңістіктегі Қазақстан мәдениетінің тарихы мен болашағы» тақырыбында VII халықаралық ғылыми семинар өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Семинар Помор университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірлескен ұйымдастыруымен және Польшадағы Қазақстан елшілігінің белсенді қолдауымен «гибридті» форматта өткізілді.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан мен Польша академиялық қоғамдастығының өкілдері, Қазақстанның елшілігі, Қазақстан Республикасының Гданьск қаласындағы Құрметті консулдығы, сондай-ақ Помор университеті және Абай атындағы ҚазҰПУ мен басқа да жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен оқытушылары қатысты.
Іс-шара барысында қазақ мәдениетін дамытудың өзекті мәселелері және оның еуразиялық кеңістіктегі рөлі, сондай-ақ Қазақстан мен Польша арасындағы мәдениет пен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.
Қатысушылар «Абайдың қазіргі білім беру жүйесіндегі орны», «Абайдың шығармашылық мұрасы мен Қазақстанның мәдени бірлігіндегі әсері», «Абайдың нақыл сөздері – жас ұрпақ тәрбиесінің негізі» сияқты тақырыптар бойынша ғылыми баяндамалар жасады. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының мұрасын сақтау және насихаттау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Іс-шара барысында домбырада орындалған ұлттық музыкалық шығармалар мен қазақ ақындарының өлеңдері оқылды.



