Франция прокуратурасы Павел Дуровқа 12 айып тақты
Франция прокуратурасы Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың өткен сенбіде Парижде ұсталуына байланысты баспасөз мәлімдемесін таратты. Онда Дуров бірқатар қылмыс жасады деген күдікке ілінгені және тергеу аясында жауап алынып жатқаны айтылған, деп хабарлады Elordainfo.kz ВВС-ға сілтеме жасап.
Париж прокуратурасы Павел Дуровқа тағылуы мүмкін 12 айыпты тізіп айтқан, оның ішінде құзырлы органдарға ақпарат беруден бас тарту, алаяқтық пен есірткі сатуға қатысының болуы, балалардың порнографиялық видеоларын сақтауға, киберқылмыстарға, ақша жылыстатуға қатысуы және т.б. бар.
Прокуратура 8 шілдеде ашылған істі Киберқылмыспен күрес орталығы мен Ұлттық алаяқтықпен күрес басқармасы (ONAF) тергеп жатқанын айтты.
Дуровты қамау мерзімі 28 тамызда аяқталады.
Ұстау мерзімін тергеу судьясы 25 тамызда ұзартты және ұйымдасқан қылмысқа қатысты қылмыстарға қолданылатын тәртіпті ескере отырып, 96 сағатқа дейін (яғни 28 тамызға дейін) созылуы мүмкін, — делінген хабарламада.
Дуровтың Францияда Ле-Бурже әуежайында ұсталғаны 25 тамызда белгілі болды. Павел сенбі күні Бакуден Францияға жеке ұшақпен ұшып барған.
Прокуратураның мәліметінше, бұл оқиға кешкі сағат 20.00-де болған.