«Метал концентратын экспорттамау туралы бастамалар неге ескерілмейді»: осыған қатысты министрлік ұстанымы айтылды

Бүгін, 17:47
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Метал концентратын экспорттамау туралы бастамалар неге ескерілмейді»: осыған қатысты министрлік ұстанымы айтылды
Фото: Үкімет отырысынан

Үкімет брифингінде БАҚ өкілдері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдеріне сауал қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазақстан жыл сайын 10 млн тоннаға жуық темір концентратын, 2 млн тоннаға жуық мыс концентратын, 200 мыңға жуық марганец концентратын, 400 мың мырыш концентратын, 300 мың хром концентратын, 40 мың тоннаға жуық қорғасын концентратын сыртқа экспорттап отыр екен. Ал қазіргі кезде металдың рудасын және концентратын сыртқа сатпау туралы бастамалар көтеріліп жатыр. Осыған байланысты ұстанымыңызды айтсаңыз. Неге бұлай болып отыр? Біз жоғары бөліністі өндірісті дамытамыз, қосылған құны жоғары тауарларды дамытамыз дейміз, бірақ металдың концентратын 14 млн тонна жылына сыртқа сатып отырмыз. Оған тыйым бола ма?» - деп сауал қойды журналист. 

Бұл сауалға министрлік өкілі Азамат Панбаев жауап берді.

«Мемлекеттің саясаты, негізінен, шикізатты іште өңдеуге бағытталған. Ол саясатты іске асыру үшін бірқатар нақты қадамдарды қабылдап жатырмыз. 10 млн тоннаға жуық темір концентратын сыртқа шығарамыз дегеніңіз рас. Себебі Теміртаудағы Qarmet деген кәсіпорнымыз отандық шикізатта жұмыс істесе де, метал концентраттарының барлығын толықтай өңдемейді ғой. Артық қалғаны экспортталып отыр. Бізде Қостанай облысында «Соколов-Сарыбай» кен байыту комбинаты бар, соның базасында ыстықтай біркектелген темір өндіру жобасы іске асырылады деп жоспарланған. Сол жобаны іске асыру қазіргі газ тартылу мәселесімен байланысты болып отыр. Газ келген кезде осы жобаның іске асырылуына мүмкіндік жасалады. Темірдің концентраттарын елімізде түгелдей өңдейтін боламыз. Жобаның мерзімі 2029 жылға жоспарланып отыр. Сонымен қатар мыс концентраты бойынша да жоба бар», - деді ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев.

Оның айтуынша, еліміз тек шикізатты экспорттап жатқан жоқ, сонымен қатар қажетті шикізаттарды импорттап да отыр. Мәселен, кейбір бізде өңделмейтін шикізаттар экспортқа кетіп, оның орнына импортталатын шикізат алмастырылып отыр. 

«Шикізатты лицензиялау мәселесін заңға енгізіп жатырмыз. Біртіндеп лицензия беру арқылы шикізаттың экспортын азайтамыз», - деді спикер.