Абайдың шығармашылығында сөз бен музыка толық үйлесім тапқан – музыкатанушы

Абай мұрасы бірнеше ғасыр бұрын қалыптасқанына қарамастан, дәл бүгінгі күні де өзінің өзектілігін жоғалтпауымен және алдағы уақытта да адастырмас бағдарымыз болып қала беретінімен ерекшеленеді. Ал тұлғаның кейінге қалдырған құндылықтарының бірегей бөлігі – оның әндері мен әуендері өз алдына зерттеуді қажет ететін әлем. Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуы қарсаңында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылыми-шығармашылық қызмет және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, өнертану кандидаты, профессор Раушан Нұртаза Elordainfo.kz тілшісіне хакімнің туындыларының бүгінгі күнге қалай жеткені және стильдік ерекшеліктері туралы жіктеп айтып берді.
Раушан Сабыржанқызының айтуынша, Абайдың шығармашылығында сөз бен музыка біртұтас және толық үйлесім тапқан. Ал бұл жағдай - көркем тәжірибеде сирек кездесетін жайт.
Музыкатанушы жазба әдебиетіміздің негізін салған Абай өзінің асыл өлеңдерін, қара сөздерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа қалдырса, музыка жөнінде оның мұндай мүмкіншілігі болмағанын айтты. Өйткені Абай өмір сүрген кезеңде қазақ халқының музыкалық мәдениеті ауызша тарады. Ән, күй, жыр тікелей ауыздан-ауызға, ұстаздан шәкіртке, ұрпақтан ұрпаққа берілді. Сондықтан Абай әндері ноталық жазбаға түспеген және бізге оның әндері ізбасарлары автордан тыңдап, орындағанының арқасында ғана жеткен.
«Қазіргі кезде Абайдың 60 әні белгілі. Жалпы, Абайдың бала кезінен бастап өлең шығара бастағаны бізге мәлім. Алайда ақынның өлеңдері өз нұсқасындай өзгеріссіз жетті деп айта алмаймыз. Себебі алғашқыда ақын өзінің әндерін достарының атынан шығарған. Шамамен 40 жасқа таяған шағында ғана Абай өлеңдерін «Абайдікі» деп белгілеген.
Абайдың музыкалық мұрасы әлі күнге дейін жиылған жоқ. Біздің Абай әндерін білуіміз – әр композитордың өзінше нотаға түсіріп, әр орындаушының өзінше айтып, әр өңдеушінің өз білгенінше сүйемел жасап жүргендерін естуімізден аспайды.
Өкінішке қарай, Абайдың барлық әндері қазіргі тыңдармандарға дейін жеткен жоқ. Ең танымал әндері – «Айттым сәлем, қалам қас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Ата-анаға көз қуаныш», «Татьянаның хаты». Әндері әлемнің көптеген тілдеріне аударылған, сондай-ақ дәстүрлі, академиялық және бұқаралық музыкалық мәдениетте танымал», - дейді Раушан Сабыржанқызы.
Осылай деген ғалым қазақ музыкатану тарихында Абай Құнанбаевтың ән мұрасын зерттеуге көптеген зерттеушілер назар аударғанын айтты.
«ХХ ғасырдың І жартысында Г. Чумбалова Абайдың ән шығармашылығын алғашқы зерттеушілерінің бірі болды. Ол Абайдың әндерін екі бағытта қарастырады: бірінші – қазақ халқының әуеніне және құрылыс жағынан жақын әндер («Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа»), екінші – жаңа интонациялық айналымдар енгізілген туындылар («Ішім өлген, сыртым сау», «Айттым сәлем, қаламқас»).
Ал Ғафура Бисенова – ақынның мұрасын терең зерттеген алғашқы музыкатанушы. Ғалым экспедиция, мұрағат жұмысын жүргізіп, әндердің әртүрлі нұсқаларын нотаға түсіріп және музыкалық бөлігін поэтикалық мәтінге сүйеніп талдады. Мысалы, Ғафура Бисенова өзінің «Абайдың ән шығармашылығы» атты еңбегінде ақынның әндерін үш бағытқа бөлді. Бірінші, драмалық, философиялық мазмұндағы өлеңдер («Өлсем, орным қара жер», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын»). Бұл әндерде Абай адам жанының нәзік білгірі ретінде, өзінің мұңын өлең арқылы жеткізген. Екінші, махаббат пен табиғат сұлулығы тақырыбы («Айттым сәлем, қалам қас», «Көзімнің қарасы», «Тәңірі қосқан жар едің сен», «Сүйсіне алмадым, сүймедім», «Қор болды жаным» және т.б.) Үшінші, терме-тақпақтық әуендер.
ХХ ғасырдың аяғындағы музыкатанушылар – С. Күзембаева мен Т. Егінбаева «Қазақ музыкасының тарихынан дәрістер» атты еңбектерінде Абайдың ән мұрасын сүйіспеншілік лирикасы, философиялық толғаулар және монолог әндер, өнер жайлы әндер, ғұрыптық әндер, сатира элементтері бар нақыл өлеңдер, аударма әндер деп жіктеді.
Абай және оның ізбасары Шәкәрімнің шығармашылығын зерттеуге елеулі үлес қосқан Әлия Сабырова өзінің монографиясын «Абай және Шәкәрім: музыка философиясы және ән стилі. Қазақ дәстүрлі әндерінің зерттелу мәселелері» тақырыбына арнады. Ә. Сабырова екі шебердің шығармашылығының ерекшелігі сопылық көзқараспен байланысты екенін атап өтті», - деді Раушан Нұртаза.
Музыкатанушының пайымдауынша, Абайдың ән шығармашылығына қазақтың дәстүрлі музыка мәдениетінің екі өңірі әсер етті – Алтай-Тарбағатай және Арқа дәстүрлері. Оның айтуынша, Алтай-Тарбағатай дәстүрінде Абайдың мұрасының орны бөлек.
«Соңғы зерттеу жұмыстарында Абайдың күйлері бар болғаны да белгілі болды. Мысалы, «Тор жорға», «Май түні», «Желдірме», «Майдақоңыр». Жалпы, Алтай-Тарбағатай аспаптық дәстүрінде кездесетін ежелгі бурдон, пентатоника, теріс бұрау Абайдың күйлеріне де тән», - дейді ол.
Тағы бір ескерерлігі, Қазахстан тарихында Абайдың өмір сүрген уақыты - ХІХ ғасырдың ортасы Ресей империясының белсенді саясатының уақыты. Осы уақытта қазақ даласында орыс мәдениеті, тілі, мінез-құлық қасиеттері өте әйгілі болды және Ресейде оқуға тек ақсүйек балаларының мүмкіндігі болған. Осы тұрғыда Абайдың шығармашылығына орыс халқының мәдениеті ықпалын тигізген.
«М. Глинка, А. Алябьев, А. Гурилев, А. Рубинштейннің вокалдық және аспаптық шығармаларын Абай үй жағдайында да, қоғамдық концерттерде тыңдай алған. Осы кезде ақын орыс халқының әуенін тез қағып алып, қазақ халқының әуеніне интонация жағынан туыстығын байқады. Кейіннен осы байланыс қазақ музыкасының әуенін байытты.
Абай орыс мәдениетінен нәр алып, орыс халқының ақын-жазушыларының шығармаларын оқығаны, зерттегені баршаға белгілі. Ақынның бұл қызығушылығы қазақ әдебиетіне зор әсерін тигізді. Ол А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, И.А. Крыловтың шығармаларын қазақшаға аударып және қазақ арасына насихаттаушы болды.
Орыс музыкасы Абайдың поэтикалық буынына әсерін тигізді. Ал музыкалық тұрғыда Абайдың ән стилін орыс романстарымен де салыстырады», - дейді зерттеуші.
Музыкатанушы Раушан Сабыржанқызының айтуынша, ақынның поэзиясы әлі де композиторларды шабыттандырса, оның музыкасы күні бүгінге дейін шырқалып жатыр.
Өйткені Абайтанушы академик Ғарифолла Есімше айтсақ, «Абай шығармаларын бір рет қана оқып қоймақ түгілі, тіптен оның шығармаларын жаттап алу да аз, мәселе, оны түсінуде. Абай адам санасы кемелденіп, толысқан сайын түсінікті бола бастайды. Әр ұрпақ Абайдан өз түсінігін табады...».