«Ой ойлауға құрылуы тиіс»: абайтанушы Абай күні туралы айтты

Бүгін, 12:01
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
«Ой ойлауға құрылуы тиіс»: абайтанушы Абай күні туралы айтты
Коллаж: Elordainfo.kz

Абайды көпшілік арасында қалай дәріптеуге болады? Elordainfo.kz тілшісі бұл сауалды Астанадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының абайтану пәнінің мұғалімі Заңғар Кәрімханға қойды.

«Ұлы ақынның туғанына 180 жыл толуына орай Абай облысы ерекше дайындалып жатыр. Әрине, Абайды дәріптегеніміз, ұлықтағанымыз дұрыс. Бірақ қалай дәріптеуге болады? Менің жеке ойыма келетін болсақ, жалпы мерекелік іс-шаралардың дені той тойлауға емес, ой ойлауға құрылуы тиіс. Әйтпесе, жүз жылдықтардан бері келе жатқан ас, той, балуан күрес, ат жарыс қазіргі заманғы жылдам өзгерістер мен бетбұрыстарға жарай ма? Қазір байқасаңыздар, Абайды тілге тиек етіп, түрлі жел сөздерге ерік беріп жүргендер көбейіп кетті. Осыған байланысты абайтанушы үлкен ғалымдарды шақырып, олардың баяндамаларын көпшілікке тарату қажет. Әнші-бишілер мен бақсы-блогерлерді төбемізде тайраңдатып болдық емес пе? Ендігі кезекті ғылым иелеріне, ақылды адамдарға беру керек», - деді спикер.

Елордалық мұғалім ойшылдың туған күнін тойлау әдебиетке бағытталуы қажет деп есептейді.

«Екіншіден, Абай алдымен әдебиеттің адамы болғандықтан, той мазмұны әдебиетке қарай бұрылуы тиіс деп ойлаймыз. Абай жайлы үздік өлең, үздік әңгіме, үздік повесть, үздік драма, үздік роман, үздік сын жазғандарға ынталандыру жасап, шынайы шығармаларды анықтаса, дұрыс болар еді», - деді Заңғар Кәрімхан.

Әңгіме арасында спикерге «Абай еңбектері арқылы халыққа нені жеткізгісі келді?» деген сауалды қойған едік.

«Абай қазақты көп сынады деп ренжитіндер табылады. Кей шығармаларын өзі жазған жоқ деп шыққандар да бар. Абай мұрасы – қазақ өмірінің айнасы. Одан әрбір қазақ баласы өзін іздейді, өзін табады. Абайдың бірінші талап еткені – ар, адалдық пен әділет принципі. Біз мұны мемлекеттік идеологияға айналдырып отырмыз. Екіншіден, оқу мен білімнің өзектілігі ешқашан маңызын жоймайды», - деді ұстаз.

Бүгінде Заңғар Кәрімхан Абайдың генеалогиясын зерттеумен айналысады.

«Бұл тектану, шежіре деген ғылыммен үйлеседі. Абайдың туысқандық айналасы, үйленіп, отау құруы, балаларының дүниеге келуі, олардың өмірі мен қызметі сияқты тақырыптар қызықтырады. Оның үстіне, Абайдан кейінгі қазақ өмірі, қазақ қоғамы қандай болды деген сауалдар да қойылады. Оны біз Алаш құбылысымен байланыстырып жүрміз. Абай және Алаш ұғымы – егіз ұғым. Алаш зиялыларының түгелі дерлік Абай туралы жазды, зерттеді, насихаттады. Олар Абайды неге шамшырақ ретінде көрді? Олардың арасында қандай байланыс бар? Ұлы ақын мен Алашорда қайраткерлерінің арасындағы генетикалық-тарихи (Абай-Шәкәрім, Шәкәрім-Әлихан, Абай-Мұхтар), географиялық-тұлғалық (Қарқаралы, Баянауыл, Алтай) және рухани-шығармашылық (Сұлтанмахмұт, Мағжан, т.б.) ықпалдастықтар зерттелуі тиіс деп ойлаймыз», - деді ол.

Сондай-ақ ол – Абай жайлы зерттеу еңбектерінің авторы.

«2021 жылы «Абай академиясының» қолдауымен жарық көрген «Абай және Алаш» зерттеу еңбегімізде (жас ғалым Елдос Тоқтарбаймен бірге) біз Абайды үлгі тұтқан 19 Алаш қайраткерінің есімін анықтап, олардың абайтанудағы қызметтерін саралап көрсеттік. Олардың арасында саясат серкелері де, білім мен ғылымның мықтылары да, өнердің өз өкілдері де, буржуазияның бай-бағландары да бар. Совет үкіметі орнағанға дейін көптеген қазақ оқығандары Абайды танып біліп, ұлттың үлкен тұлғасы деп дәріптей білген», - деді ол.

Оның сөзінше, әр қазақ Абайды академиялық деңгейде болмаса да, ойшылды тани білуі керек. 

«Абай сүйтіпті», «Абай бүйтіпті» деген әңгімелер кімге де болсын жараспайды. Жастар жағы хайп қумауы тиіс, ал оқыған білімді деген кейбір ғалымдар Абайдың тарихилығын жоққа шығармауы керек. Абай өмірде болған, бар және бола береді. Абайды тану үшін, қазақ өзін тануы үшін Абайды оқуы, түсінуі керек дегенді жиі айтамыз. Өмірдің сан алуан, мың бояулы құбылыстарының барлығы Абай өлеңдерінде тұр, сөздің інжу-маржаны да ақынның тіліне тұнған, көркемдік ойлау жүйемізді де қалыптастыратын Абай шығармашылығы. Оның «қолдан жасалған проект» емес екенін, қандай да бір шеңберге салуға көнбейтін тұлға екенін ескерсек керек. Әрбір адам Абайды өзі сияқты жұмыр басты пенде екенін білгенде, өзінің туысы, жақыны, досы санағанда, Абайдың көп жұмбағының сыры ашыла бермек», - деп сөзін түйіндеді Заңғар Кәрімхан.