Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы: Қандай ерекшелігі бар?
2024 жылдың басты спорттық додасының бірі – 19 қаңтар-1 ақпан күндері аралығында Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтетін жасөспірімдердің IV қысқы Олимпиадасы. Осы орайда Elorda.info тілшісі аталмыш жарыстың ерекшеліктерін зерделеді.
Елімізден неше спортшы қатысады?
15-18 жас аралығындағы жас спортшылар бақ сынайтын Олимпиаданың деңгейі, танымалдығын ересектер жарысымен салыстыруға келмейді. Десек те, осындай турнирлер арқылы резервтердің деңгейін көре аламыз.
Биыл Канвондо төрінде елімізден 10 спорттық бағдарлама бойынша рекордтық 42 спортшы бақ сынайды.
Облыстық көрсеткіштер:
Астана қ. – 13 спортшы
Алматы қ. – 7 спортшы
ШҚО – 4 спортшы
Қостанай обл. – 4 спортшы
Ақмола облысы – 3 спортшы
СҚО – 3 спортшы (Конькимен жүгіру)
БҚО – 2 спортшы (Шорт-трек)
Қарағанды облысы – 2 спортшы (Хоккей)
Абай облысы – 2 спортшы (Биатлон)
Ақтөбе облысы – 1 спортшы (Биатлон)
Алматы облысы – 1 спортшы
2020 жылы Лозаннадағы Олимпиададағы көрсеткішпен салыстырсақ, облыстардың саны 4-еуге дейін артқан. Ол кезде Алматы қ.(9), ШҚО (7), Астана қ. (5), Ақмола облысы (3), Алматы және Қостанай облыстары 1 спортшыдан қосқан еді. Енді СҚО, БҚО, Қарағанды, Ақтөбе, Абай бұл тізімді толықтырды.
2012 жылдан бастауын алған Инсбурктағы жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасында 38 спорошымыз 1 күміс, 2 қолға ие болды. Оның ішінде биатлон сайысында күміс пен қола жүлде алған Галина Вишневская артынша 2014, 2018, 2022 жылдары ересектер арасында Олимпиадасында ел намысын қорғады.
2016 жылы Лиллехаммердегі жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасында ең аз 17 спортшы бақ сынағанымен, 2 қола жүлде бұйырды. Әсіресе мәнерлеп сырғанаудан 3-орын алған Элизабет Тұрсынбаева 2018 жылы Пхёнчхан Олимпиадасына қатысып қана қоймай, 2019 жылы әлем чемпионатында әйелдер арасында 4 айналымды секірген алғашқы спортшы атанды. Одан бөлек шаңғымен тұғырдан секіруден Сергей Ткаченко мен шорт-тректен Еркебұлан Шамуханов та 2018 жылы ересектер Олимпиадасына қатысты.
2020 жылы Лозаннадағы жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасына қатысқан 26 спортшының арасынан Александра Троицкая (тау шаңғысы) мен Данил Васильев (шаңғымен тұғырдан секіру) 2022 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысты.
Спорт атауы | 2012 жыл | 2016 жыл | 2020 жыл | 2024 жыл |
Биатлон | 3 | 3 | 6 | 6 |
Шаңғы жарысы | 2 | 2 | 4 | 4 |
Тау шаңғысы | 2 | 1 | 2 | 2 |
Шаңғымен тұғырдан секіру | 1 | 1 | 4 | 4 |
Шаңғы қоссайыс | - | - | 1 | 1 |
Фристайл | 1 | 2 | 1 | 2 |
Конькимен жүгіру | 4 | 2 | 4 | 4 |
Мәнерлеп сырғанау | 3 | 1 | - | - |
Шорт-трек | 1 | 2 | 2 | 4 |
Хоккей | 17 | - | 2 | 13 |
Шана спорты | 4 | 3 | - | - |
Керлинг | - | - | - | 2 |
Жалпы: | 38 | 17 | 26 | 42 |
Қысқы Олимпиададан қандай айырмашылығы бар?
Канвондода өтетін қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында 15 спорт бағдарламасы бойынша 81 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Ал 2022 жылы Бейжің Олимпиадасында 109 жүлде жиынтығында жүлдегерлер анықталған болатын. Бұдан байқағанымыздай, жасөспірімдер бәсекесінде біршама спорт сайыстары аз екенін көруімізге болады. Жасөспірім мен ересектер Олимпиадасындағы жүлделердің айырмашылығы:
Хоккей (+2), шана спорты (+1), конькимен жүгіру (-7), шаңғы жарысы (-7), биатлон (-5), тау шаңғысы (-2), бобслей (-2), шорт-трек (-2), шаңғымен тұғырдан секіру (-2), сноуборд (-2), керлинг (-1), фристайл (-1),
Екіншіден, жасөспірімдер Олимпиадасында міндетті түрде бір елдің намысын ғана қорғап қана қоймай, өзге елдің спортшылармен бірге жарысуға болады. 2016 жылы Анвар Мұхамадиев (конькимен жүгіру) пен Анита Нагай (шорт-трек) аралас сайыста күміс және қолаға жүлдеге ие болғанымен, жалпы медаль кестесіне кірмеді.
Қанат Байұзақ