VI қысқы республикалық спартакиада: Астана хоккейшілері күміс жүлде иеленді


Төрт жылда бір мәрте ұйымдастырылатын республикалық қысқы спартакиаданың алғашқы жарысы аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz тілшісі.
"Олимпиадаға іріктеу"
2004 жылдан бастау алған республикалық қысқы спартакиаданың маңызы зор. Себебі дәл осы бәсеке арқылы Олимпиада ойындарының алдында спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаға іріктеу жүргізіліп, резервтерді тексеруге мүмкіндік туады және медаль сапасы бойынша облыстардың қазіргі жай-күйі анықталады. Бүгін ғана Қытайда аяқталған IX қысқы Азия ойындарында жүлдегер атанған Михаил Шайдоров (мәнерлеп сырғанау), Константин Борцов (шаңғы), хоккейдегі біршама ойыншылар және т.б. спортшылар 2021 жылғы республикалық қысқы спартакиадада сайысқа түскен еді.

Спорт түрлері
Сәуір айына дейін жалғасатын республикалық қысқы спартакиадада спортшыларымыз шайбалы хоккей (ерлер, әйелдер), шаңғы қоссайысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл-акробатика, фристайл-могул, сноуборд, тау шаңғысы , керлинг, шаңғы, шорт-трек, биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау спорт түрлері бойынша жарысады.
Қайда өтеді?
Турнирлерді Өскемен, Алматы, Риддер, Щучинск қалалары мен Алматы облысы қабылдайды.

Өскемендегі бәсеке
Алғашқы ерлер хоккей сайысын 8-13 ақпан аралығында Өскемен қаласындағы 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасының чемпионы Борис Александров атындағы спорт кешені қабылдады.
Бес күнге жалғасқан додаға Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары, Алматы мен Астана қалаларынан жалпы 97 хоккейші қатысты.
Нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының командасы (4 жеңіс) алтын медальға ие болды. Астана қаласының хоккейшілері 3 жеңіс, 1 жеңіліспен спартакиаданың күміс жүлдесін еншілесе, Алматы қаласы (2 жеңіс, 2 жеңіліс) үздік үштікті қорытындылады.
Тарихқа зер салсақ, ШҚО мен Астана қаласының хоккейшілері 2013, 2017 жылдары және осы жолы шешуші ойындарда жолықты.
Биылғы финалдық матчта елордалықтар жылдам екі шайба соғып, біршама уақыт алда тұрған еді. Алайда жанкүйерлердің қызу қолдауымен алаң иелері екінші кезеңде алға шығып, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Осы орайда ШҚО құрамында Өскемен қаласының экс-әкімі Жақсылық Омар, Өскемен қаласының мәслихат депутаты Ерлан Можанов өнер көрсетіп, барлық 6 республикалық қысқы спартакиадада жеңімпаз болғанын ерекше атап өткен жөн.

"2-орын үшін қуаныштымын!"
Осылайша, төрт жылда бір өтетін республикалық қысқы спартакиадада елордалық спортшылар өз нәтижесін жақсартып, қола жүлдеден күміске көтерілді.
«Бастапқыда қысқы спартакиада аясындағы хоккей жарысы наурыз айының соңына жоспарланған еді. Алайда ақпанның басына ауыстырылды. Бұл негізгі көшбасшыларымыздың Өскеменге бара алмауына әсер етті. Құрам жеңіске аш, мотивациясы бар жас жігіттерден жасақталды. Әйтсе де олар ересектермен соңына дейін күресіп, мінез көрсетті. Мені таңғалдырды. Чемпион болуымызға қосалқы құрамда біршама хоккейшілердің болмауы әсер етті деп ойлаймын. Қарсыластарымыз да бізге қарсы финалға шыққандай, ерекше құлшыныспен ойнап, соңғы секундқа дейін талас жүргізді. Нәтижеге келер болсақ, 2-орын үшін қуаныштымын. 2021 жылы қола жүлдегер атанғанымызды ескерсек, алға жылжу байқалады», - деді Астана қаласының бас бапкері Антон Васин.
Келесі жарыс қандай?
Енді келесі шаңғы қоссайысы мен шаңғымен тұғырдан секіру бәсекесі 17-23 ақпан күндері Алматы қаласында өтеді.



