00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Велоспорт - баршаға: Астанада аутизмі бар балалар велотрекпен айналысады

Велоспорт - баршаға: Астанада аутизмі бар балалар велотрекпен айналысады
фото: Василий Крась

«Велоспорт - баршаға» жобасы аясында «Сарыарқа» велотрегінде ерекше қажеттілігі бар балалар жаттығумен айналысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астанада ерекше қажеттілігі бар 30 балаға велоспортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік туды. Оларға киім-кешек, құрал-жабдық, велосипедтер мен көліктер сатып алынып, «Сарыарқа» велотрегінде жаттығулар ұйымдастырылды.

 «Велоспорт аутизмі бар балалардың күш-қуаты мен төзімділігін, эмоционалдық көңіл-күйін жақсартып қана қоймай, қоғамға бейімделуіне зор септігін тигізеді. Біздің мақсатымыз балаларды тек жаттықтыру ғана емес, оларды халықаралық жарыстарға шығару және елімізде пара велоспортты дамыту. Ақпан айында қолға алынған жоба аясында 100-ге жуық үміткердің ішінен ең үздік 30 қатысушы іріктелініп алынды. Бұл жердегі спортшылар ел намысын қорғайтын болғандықтан, талаптар да жоғары. Сондықтан әр тоқсан сайын құрам жаңартылып, мықтылар іріктеледі», - деп атап өтті Velolegend қорының жетекшісі Махаббат Өтегенова.

Ерекше қажеттілігі бар балаларға көңіл аударылғанына көп уақыт болмаса да, Дастан Ордабай қыркүйек айында Францияда өткен Virtus Cycling Open Time Trial жарысында 17,3 шақырымдық жекелей жарыста күміс жүлде жеңіп алған болатын.

«Бұрын балам жасқаншақ, өзіне сенімсіздеу еді. Енді тұрақты жаттығудың арқасында сенімділігі артып, спортқа деген құлшынысы артты. Бір жылдай уақыттың ішінде ұлттық құрамаға да кіріп үлгерді. Бұйырса ірі жарыстарда да өз атын танытатынына сенімдімін», - деді Әмір атты баланың анасы Ырысты Ғабдуллина.

Әзірше бұндай жоба елімізде тек Астана қаласында бар.

Шара қорытындысында «Самұрық-Қазына» АҚ тарапынан балаларға 30 велосипедтің сертификаты мен жаңа көліктің кілті табыс етілді.