Жетісу облысында 8 жаңа су қоймасы салынады

Жетісу облысының тұрғындарымен кездескен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов министрліктің қазіргі жұмысы мен өңірдің су шаруашылығын дамытуға бағытталған алдағы жоспарлары туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Министрдің сөзінше, 2028 жылға дейінгі су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында Ақсу, Көксу, Панфилов, Сарқан, Алакөл аудандарында және Талдықорған қаласында 8 жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр. Нысандар Биен, Біже, Қорғас, Үсек, Тышқан, Балықты, Жаманты және Басқан өзендері бойында салынады.
Бұдан бөлек, үш су қоймасын және ұзындығы 2930 шақырым болатын каналды реконструкциялау, сондай-ақ ұзындығы 236,8 шақырым каналды автоматтандыру жоспарланған. Сонымен қатар 17 гидротехникалық құрылысжайда көпфакторлы зерттеу жұмыстары жүргізілмек.
«Біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі – су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту. Қазір жүзеге асырылып жатқан гидротехникалық құрылысжайларды салу мен реконструкциялау, ирригация желілерін автоматтандыру жобалары суды пайдалану тиімділігін айтарлықтай арттырып, оның шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Вегетация кезеңінің қорытындысы көрсеткендей, аграрлық сектордың тиімділігі су ресурстарын қаншалықты сауатты және жауапкершілікпен басқаруға байланысты. Бұл тек нақты жоспарлауды ғана емес, су саласын жүйелі дамытуды да талап етеді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Кездесу барысында Жетісу облысының тұрғындары министрге су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалған шығындарды субсидиялау және егістік алқаптарын суаруға арналған су тұтыну нормаларын қайта қарау мәселелері жөнінде сұрақтар қойды. Кейін Нұржан Нұржігітов азаматтарды жеке қабылдап, гидроэлектр станциялары мен бөгеттердің құрылысы, ирригация каналдарын жөндеу сияқты тақырыптар бойынша сұрақтарға жауап берді.



