«Тегін массаж»: Қақпашы Темірлан Анарбековке халық ерекше сыйлықтар ұсынып жатыр

Бүгін, 15:34
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views62
«Тегін массаж»: Қақпашы Темірлан Анарбековке халық ерекше сыйлықтар ұсынып жатыр
Фото: «Қайрат» футбол клубынан

«Қайрат» пен «Селтик» арасындағы қарымта ойында пенальтидегі үш соққыны қайтарып, ел сүйіктісіне айналған Темірлан Анарбековке түрлі қызықты ұсыныстар түсуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жауапты ойын басталар алдында Instagram әлеуметтік желісінде 3 мыңға жетер-жетпес оқырманы болған Анарбековке бүгінде 126 мыңнан астам адам жазылып үлгерген. Ал Темірланның 20 сағат бұрын жариялаған жазбасына 6 мыңға жуық пікір жазылған. Бірер сағатта «жұлдызы жанған» қақпашыға жанкүйерлері әзіл-шыны аралас сыйлықтар ұсынуда. Олардың арасында классикалық костюм, жаттығу залына жылдық абонемент, жылқы, көлік, бір жылға жететін лимонад сыйлап жатқан кәсіпкерлер де бар.

«Грузиядан кез келген көлікті тегін әкеліп берем», «Балаңа массаж керек болса, тегін жасап берем», «Отандық лимонадтан бір жылдық қор», «Бір жылға ағылшын тілін жеке оқуды сыйлаймын», «Бізден 3 тақия», «Үйіңнің шатырын жауап берім, тегін сварка», «Ауыз судың сүзгісі менен сыйлыққа», «Тойыңды тегін жүргізіп берем», - деп жазуда желі қолданушылары.

Анарбековтың кәсіби шеберлігіне риза болып, сый ұсынып жатқандардың арасында әзіл-қалжыңға айналдырып жатқандар да жоқ емес. Олардың бірі әйелін ұсынып жатса, тағы бірі қолдың құртын сыйлауға ниетті.

«Әйелімді бір түнге сыйлаймын», «Бәрі бірдеңе беріп жатыр екен, ауылдың құртын апарып беремін», «Темекі тастай алмай жүрсең жаз, курсымды тегін берем», «Қалауыңша кәуап пен палау алып кет», «Бір нәрсе алып кет дейін десем, ештеңем жоқ, ренжімеші», «Әскерге барам десең, хабарлас. Алматыда қалатындай етіп берем», - деп жазды олар.

Оқи отырыңыз: «Қайрат» футболдан Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды

Еске сала кетейік, 26 тамызда «Қайрат» сенсация жасап, екі матчтың қорытындысы бойынша шотландиялық «Селтикті» жеңді. Есеп 0:0, пенальти – 3:2. Осылайша, алматылық команда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды.

Ал бүгін кешке UEFA Чемпиондар лигасының жеребе тарту рәсімі өтеді.