Бүгін UEFA Чемпиондар лигасының жеребе тарту рәсімі өтеді

Бүгін Монакода UEFA Чемпиондар лигасының жеребе тарту рәсімі өтеді. Футбол тарихындағы маңызды іс-шара өткен жылғы тәртіппен ұйымдастырылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде 36 команда өнер көрсетеді. Соның 29-ы тікелей жолдама алса, ал 7-еуі іріктеу кезеңінен өтті. Іріктеу кезеңін сәтті еңсергендердің қатарында алматылық «Қайрат» клубы бар. Қазақстандық команда тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде ойнайды.
Негізгі кезеңде ойнайтын 36 команда әдеттегідей УЕФА-ның клубтық рейтингіне сәйкес 4 себетке бөлінген. Әр себеттегі командалар кезекпен өзінің қарсыласын анықтайды. Әр команда негізгі кезеңде 8 матч өткізеді (4 ойын өз алаңында, 4 ойын сырт алаңда). Әр команда әр себеттегі екі клубпен матч өткізеді: біреуі – өз алаңында, екіншісі – сырт алаңда.
Негізгі кезеңнің қорытындысы бойынша 1-8 орын алған командалар бірден 1/8 финалға жолдама алады.
9-24 орын алған командалар 1/16 финалда қосымша матч өткізіп, жеңімпаздар 8 үздік команда қатарына қосылады.
25-36 орын алған командалар Еурокубоктегі жолын аяқтайды.
Айта кетейік, Еуропа лигасы мен Конференция лигасының жеребесі бірге өтеді. Іс-шараны Qazsport телеарнасы сағат 21:00-де тікелей эфирде көрсетеді. Ал ойын кестесі 30 тамызға дейін жарияланады.
Алматылық «Қайраттың» болжамды қарсыластары – «ПСЖ», «Реал», «Манчестер Сити», «Бавария», «Ливерпуль», «Интер», «Челси», «Боррусия», «Барселона». Осы командалардың екеуі алматылық ұжыммен ойнайды.



