«...СЕНГЕН ҚОЙЫМ...» СЕРЕҢ ЕТЕ ҚАЛДЫ!

28 шілде, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«...СЕНГЕН ҚОЙЫМ...» СЕРЕҢ ЕТЕ ҚАЛДЫ!
Фото: DAZN Boxing

Elordainfo.kz сайтының спорт шолушысы, спорт журналистикасының ардагері Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ жақында кәсіпқой бокстан Усик – Дюбуа арасында өткен жекпе-жекке шолу жасады.

...Өткендегі УСИК – ДЮБУА шайқасы күні Усиктің құлаштай сілтеген сол қолы Дюбуадан кейін… маған тиіп, бір апта мен де нокаутқа түсіп жаттым! Болмаса, соңғы жазбамда айтқандай, 13 қыркүйекте өтетін АЛЬВАРЕС – КРОУФОРД жекпе-жегі жайлы жазуға отырғалы жүргенмін. Бүгінде, өзім де бір қаңбақ шал, ...Усиктің соққысы «қата тимесе де бата тиіп...», орнымнан көтерілгенім кеше ғана…

Бұл жекпе-жекті бүкіл әлем күтті. Мен де сол әлемнің миллионнан бір қазағымын… Енді қалай, Тайсон Фьюриді де, Энтони Джошуаны да екі реттен еденге бүк түсірген Усик мына қара дәу Дюбуаны да ұрып құлатқан 2023 жылы. Содан бері біреу сұхбат алса, «Мен дайын! Мен дайын! Мен дайынды» айтудан аузы шаршамаған, ертедегі Геркулестей шойыннан құйылғандай пәленің бәлесіне қалмайық деді ме, кейінгі кезде кәсіпқой бокс өкілдері сауын сиырдай сауа бастаған Сауд Арабиясы қалталыларының өзі бас болып, осы жекпе-жекті жариялағандарына жарты жылдай болған… бәрін АҚША ШЕШЕТІН заманда олардың айтқандары далада қалған ба, екеуі тез қол алысып, баталасып, осы жекпе-жекке бас тіккен. «Өлсем – құным жоқ!» дегенге ұқсас бұл келісімшартқа қол қойылғаннан бері жұдырықтасуды әйел алып, байға тиюден де жақсы көріп үлгерген әлем жанкүйерлері күн сайын алақандарына түкіріп, шаршы алаңға өздері шығатындай болып жүрді. Расында, бұл жекпе-жектің өту шарты бас айналдырды. Бас аяғы арлы-берлі небәрі 9 қадамға ғана жететін шаршы алаңға 200 000 000 АҚШ доллары тасталды! Небәрі 3 минутке созылатын 12 раундтық шайқастың бағасы! Құны! Сұмдық ақша! Керемет сыйақы! Әлемде қанша миллион аш-арық, ауру-мүгедек, үйсіз-күйсіз адам барын күн сайын тележәшіктен көргенде жүрегің қозғалса да, бұл қаржының бір пайызын да оларға бергізе алмайсың! Бұл – байшыкештердің бір күндік қызығына ғана лақтыра салатын сомасы! Қанша жерден кәсіпқой боксты өнер, спорт деп қарасақ та, күн өткен сайын бұл «өнер» өзінің көпке жат, байға бар бейнесін көрсетіп келеді. Бір жекпе-жекке қыруар халықты бір жыл асырайтын қаржыны шаша салу жай адамның шашын тік тұрғызбай ма?!. Артында айтылмаған сөз қалмаған менің аттас досым Несіпбек Айт бір жырында: «...Адам қанын уыстап, ақша орнына жұмсауда!» деп жазып еді. Тура сол! Кәсіпқой рингте екі боксшы қызыл қан боп төбелесіп жататыны бер жағы ғой, бас жарылып, көз шығып, қас жарылып, мұрын бұзылу былай тұрсын, осындай шайқастардан соң өліп кеткен боздақтарды санауға бір адамның қол-аяғының саусақ-бармақтары жетпейді!!!

Фото: Getty Images

...Мен бұл бума-бума ақшалар жайлы елден естіген ұзынқұлақ оқиға секілді таңданып жазып жатқан жоқпын. Кәсіпқой рингтегі талай жекпе-жекті өзім де түбінде отырып тамашалағанмын. Менің айтпағым, осы бір жөнсіз шашқан жасылқұлақ ақшалардың боксшыларды шын серттен тайғызатындығында! Не айтпақшымын? Кейінгі кездегі кәсіпқой боксшылардың шайқасына ақшаны аямай төге салу – кейбір боксшыларды босаңсыта бастады. Алдын ала алатын сыйақысы жарияланып қойған соң кейбір боксшылар «е, осы шайқастан аман қайтсам болдыға» баратын секілді көрінеді маған. Ондай бір шайқасы үшін алатынын алып алып, бәсекеге шала даярланып, «е, осыдан өлмей қайтсам болды» деген боксшыларды көз көрді. Алысқа шауып не қыламыз, осы кәсіпқой боксқа ат қоса бастағаннан бері Қазақстанға келіп шайқасқан шет елдік боксшылардың жеңуден үміті болып келгені, әй, қайдам, жоқ-ау осы! Сол секілді бұл салқындық нағыз «не өмір, не өлім» деуге тұратындай жекпе-жектерде де кездесе бастады. ...Қолынан ұстап алған жоқпын, бірақ жоғарыдағы УСИК – ДЮБУА жекпе-жегінің аяқталар тұсы… тым күмәнді. Әрине, Дюбуа Усикке жеңісті бере салды деуден аулақпын, бірақ британиялық тасмүсін жігіттің Усик түрткен оң қолдың джебінен бір құлап, сол қолдың ауыр соққысына ұрынса да есінен танбағаны (бір шынтағымен жер тіреп, кеудесімен еденге құламай жатты ғой! – Н.Ж.) өз алдына, шаршы алаңдағы төреші тоғызға дейін санағанда да оның жүзінен көз алмай қарап, төреші тоғыздан кейін қолын қайшылап, шайқас бітті дегенде, орнынан ешкімнің көмегінсіз (қол тіремей де, теңселмей де! – Н.Ж.) жедел тұрды да жұмысы біткен жанша өз бұрышына беттеді! Өздеріңіз тағы бірнеше рет қайталап қараңыздаршы осы сәтті! ...Жер бауырлап, еденде домалап, керме арқаннан тартып та тұра алмай, аяқтары денесін көтермей, мойны басын көтермей сең соққан балықтай тыпырлап қалатын қанша боксшының төрешіден бір-ақ өтініші болушы еді ғой: «ЖІБЕРШІ МЕНІ! ЖІБЕР МЕНІ! ЖІБЕР МЕНІ, ӨЛСЕМ АНАНЫҢ ҚОЛЫНДА ӨЛЕЙІН!!!» дейтін өжеттік, қанға қан, жанға жан өшпенділік, намыс үшін жанын беруге бар ерлік қайда ДЮБУАДА?!! Мұрны түгілі ерні де қанаған жоқ! Шаршы алаңның еденіне бір жамбасы ғана тиді. Ол не Дюбуа секілді ертедегі гректердің аңыз батырындай жігітке! Сонда не? Сонда не айтпақпыз? Әрине, УСИКТІҢ Дюбуадан мықты екендігіне, Усиктің бұл жолы да талассыз жеңгеніне талас жоқ!!! МӘСЕЛЕ басқада! Менің өз ойым: АЛДЫН АЛА ЖАРИЯЛАП ҚОЙҒАН 70 МИЛЛИОНДАЙ СЫЙАҚЫ Дюбуаны мұнан арғы қанды шайқастардан БАС ТАРТҚЫЗДЫ-ау деп ойлаймын!!! Дәл солай болса, БҰЛ – 80 мың орындық стадионға қыруар қаржы төлеп кірген жанкүйерлер мен ар жағы Әмерика, бер жағы Украинадан ұшып барып, стадионға әрең кірген бокс жанкүйерлеріне ТОПЫРАҚ ШАШУ!  

Бар мәселе боксшыларда ғана емес. Көп мәселе осы жарысты ұйымдастыратындарда! СЫЙАҚЫ алдын ала белгіленіп қоятын жекпе-жектердің бәрінде болмаса да, кейбірінде осындай келеңсіздіктер болып тұрады. Пайда болып та жүр! Ал, кәсіпқой боксты сонау алғаш пайда болған кезіндегідей СЫЙАҚЫНЫ ТЕК ЖЕҢГЕНІҢ АЛАСЫҢДАР деп өзгерту де енді мүмкін емес! Олай болса, өз қызығымыздың ҚЫЗУЫН өз қолымызбен азайтып жатқан ӨЗІМІЗГЕ ОБАЛ ЖОҚ!!!