Ризабек Айтмұхан америкалық әйгілі балуан Кайл Снайдермен белдеседі


Белдесу 25 ақпан күні Алматыда күрес түрлерінен Professional Wrestling League — PWL 8 турнирінде өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz ұйымның ресми парақшасына сілтеме жаcап.
PWL турнирінде бақ сынайтын спортшылар қатарында Ризабек Айтмұхан да бар. 92 келіде әлем чемпионы атанып, 97 келі салмақта 20 және 23 жасқа дейінгі жастар арасында топ жарған Ризабек жер жүзінің үздік балуанымен күш сынасады.
Атап айтар болсақ, PWL турнирінде еркін күрестен Олимпиада чемпионы, америкалық Кайл Снайдер Ризабек Айтмұханның қарсыласы атанбақ. Сондай-ақ, Снайдер Еуропа чемпионы Алихан Жабраиловпен де белдеседі.
Балуандар бәсекесі 25 ақпан күні «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайында өтеді.
Еске салайық, Ризабек Айтмұхан еркін күрестен әлем чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері.