00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Республика күні: Туризм және спорт саласының қызметкерлері марапатталды

Республика күні: Туризм және спорт саласының қызметкерлері марапатталды
Фото: Туризм және спорт министрлігінен

Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Республика күні қарсаңында туризм және спорт саласының дамуына лайықты үлес қосқан ардагерлерге, спортшыларға, қызметкерлерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Құрмет» және «Парасат» орденін, «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Шапағат» медалін, Қазақстан Республикасы Президентінің алғысын және ведомстволық наградаларды табыстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Серік Жарасбаев ең алдымен қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, отандық туризм мен спорттың дамуына қосқан үлесі мен жарқын жеңістері үшін сала өкілдеріне алғыс айтты.

«Баршаңызды егемен еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерекенің біз үшін маңызы аса зор. Еркіндіктің тізгінін қолға ұстатқан айрықша мереке халқымыздың рухын көтеріп, бірлігін бекем ететін нышанға айналды. Өздеріңіз білетіндей, осы жылы Туризм және спорт министрлігі үшін ауқымды әрі айтулы оқиғалармен тұспа-тұс келді. Биыл біздің спортшылар Париж Олимпиадасы мен Паралимпиадасына қатысты. Саңлақтарымыз тарихи медальдарға қол жеткізді. Астанада әлемнің 89 елінен 2 700-ден астам қатысушы келген V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ойдағыдай өтті. Туризм индустриясы да бүгінде еліміздің экономикалық өсудің жаңа әрі маңызды драйверіне айналып отыр. Ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу мәселелері де ерекше назарда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы іс-қимылды жетілдіруге бағытталған заңнамалық актілер қабылданды. Алдымызда іске асырылатын ауқымды міндеттер мен мақсаттар тұр», – деді Серік Жарасбаев.

Іс-шара барысында вице-министр дойбы және шахматтан мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаевқа, ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Ұлттық және ат спорт түрлері орталығы» директорының орынбасары Қарлығаш Рамазановаға «Құрмет» орденін, футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Фигейра Силва Паулу Рикардуға 2 дәрежелі «Достық» орденін, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекцияның басшысы Наиль Нуровқа «Парасат» орденін, спортшы және қоғам қайраткері Айдар Махметовке, Алматы қаласы «Барыс» бокс федерациясының вице-президенті Султан Костоевке, «Туризм индустриясының ұлттық қауымдастығы» ЗТБ президенті, қоғамдық кеңес мүшесі Раушан Шамильге, «Қазспорт» телеарнасының тілшісі Телмұхамет Күдеровке, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресінен чемпион атанған Айжан Жылқыбаеваға «Ерен еңбегі үшін» медалін, сондай-ақ Space Trail Running клубының жаттықтырушысы, альпинист Анар Бурашеваға, «Көкшетау» қонақ үй-мейрамхана кешенінің директоры Кукаршин Бексултановаға «Шапағат» медалін табыс етті.   

Сондай-ақ вице-министр туризм саласы қызметкерлеріне, спортшылар мен жаттықтырушыларға, спорт ұйымдары қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Президентінің алғысын, «Дене шынықтыру, спорт және туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Мемлекеттік қызмет ардагері», Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Құрметті спорт қызметкері», «Туризм саласының үздігі» төсбелгілерін, Туризм және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті.

Айта кетейік, мереке қарсаңында 70-тен астам адам марапатқа ие болды.