Париж Паралимпиадасы: Көк туымызды ұстаған Севда Алиева елге оралды
Бүгін нысана көздеуден Париж Паралимпиадасында сынға түскен спортшыларды көпшілік әуежайдан салтанатты түрде күтіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2024 жылдың басты спорттық додасы саналатын Париж Паралимпиадасында нысана көздеуден қос отандасымыз жүлдеге таласып, Еркін Ғаббасов тарихи күміс медальды иеленсе, әйелдер бәсекесінде Севда Алиева 13-орынға тұрақтады.
Осы орайда нысана көздеуден ел спортшылары тек 2021 жылғы Токио Паралимпиадасынан бастап қана қатысып жатқанын айта кетейік.
«Нысана көздеуден небәрі үшінші халықаралық жарысым. Сондықтан Париж Паралимпиадасына қатысудың өзі үлкен тәжірибе. Ірі додалар арқылы қателігіңді көріп, немен жұмыс істеу керектігіңді аңғарасың. Енді келесі Паралимпиадада жүлдемен оралуға тиіспін. Еліміздің көк туын ашылу салтанатында ұстап шығу бақыты бұйырды. Тек қана Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем көз тіккен Париж Паралимпиадасының атмосферасын сөзбен айтып, жеткізу мүмкін емес. Бұған дейін өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы би спортындағы ең биік жетістік - Әлем чемпионы атандым. Көпшіліктің алдында өзін-өзі ұстау, қысылмау секілді маңызды қасиеттер нысана көздеуде де өз пайдасын тигізді деп ойлаймын. Енді мақсаттарымыз жоғарлай бермек», - деді Севда Алиева.
Сондай-ақ ерлер арасында күміс жүлдегер атанған Еркін Ғаббасов та өз ойымен бөлісті:
«Дайындық Алматы қаласында өтті. Әрине, бірінші рет күміс медаль алу жоғары жетістік. Чемпион атанған, рекордты жаңартушы Жин Хо Паркқа (Оңтүстік Корея) сәл ғана жетпей қалдым. Бұл спортшы 2016 жылдан бері тұрақты түрде қатысып, жүлде де алып үлгерген. Тәжірибесі толысқан, қай кезде қандай тактиканы қолдануды біледі. Осымен биылғы жылға арналған спорттық күнтізбе аяқталды. Енді сәл тынығып, қайта жаттығуға кірісетін боламыз».
Айта кетейік, 28 тамыз - 8 қыркүйек күндері аралығында өтіп жатқан Париж Паралимпиадасына еліміздің атынан 44 спортшы 9 спорт түрінен жүлдеге таласып жатыр.