00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астаналықтар паралимпиадашыларды әуежайдан салтанатты түрде күтіп алды

10 қыркүйек, 2024
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Астаналықтар паралимпиадашыларды әуежайдан салтанатты түрде күтіп алды

Париж Паралимпиадасында 2 алтын, 3 күміс, 4 қола жүлде иеленген отандастарымыз елге оралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Паралимпиада жүлдегерлерін елорда әуежайында туған-туыстары, жанкүйерлері қарсы алды.

«1 цикл бойы Паралимпиадаға дайындалып, барлық жарыстарға қатыстым. Себебі, алдыма үлкен мақсат қойған соң,алдын-ала қарсыластарымды зерттеу қажет еді. Париж Паралимпиадасына сенімді бардым. Бізге осындай құрмет көрсетіп жатқандарыңызға рахмет айтамын. Бұл жеңісті қазақ еліне арнаймын. Бұл жеңіс барлығымызға ортақ.  Біздің бапкерлерімізге үлкен рахмет. Құрама жарысқа бір отбасыдай барып, үлкен жеңіске жетіп отыр», - деді Пара дзюдодан Париж Паралимпиадасында топ жарған Ақмарал Науатбек.

28 тамыз - 8 қыркүйек күндері аралығында жалғасқан Париж Паралимпиадасында ең көп 44 спортшымыз бақ сынап, нәтижесінде бұған дейінгі жүлде рекордын жаңартты.

Жүлде алған спортшыларымыз:

1-орын. Давид Дегтярёв (Пара пауэрлифтинг)

1-орын. Ақмарал Науатбек (Пара дзюдо)

2-орын. Нұрдәулет Жұмағали (Пара жүзу)

2-орын. Еркін Ғаббасов (Оқ ату)

2-орын. Ерғали Шамей (Пара дзюдо)

3-орын Даяна Федосова (Пара дзюдо)

3-орын. Зарина Раифова (Пара дзюдо)

3-орын. Жұрқамырза Шүкірбеков (Пара дзюдо)

3-орын. Дастан Мұқашбеков (Ядро лақтыру)

Париж Паралимпиадасында 22 спорттан 549 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. 170 мемлекет қатысып, оның 85-іне жүлде бұйырды.

«Паралимпиада ойындары төрт жылдықтың ең маңызды додасы. Барлық командалар мықты дайындықпен келді. Барлығының мақсаты - алтын медаль алу. Спортшыларымыздың жетістігін көңілден шығады деп айтуға болады. Қазақстан тарихында Ақмарал Науатбек бірінші алтын алып отыр. Басқа жерлестеріміз де күміс және қола медальдерге қол жеткізді. Бұл қазақ пара дзюдосының үлкен жетістігі деп ойлаймын. Кей отандастарымызға психологиялық дайындық, енді біріне техникалық жағынан жетпеген тұстары болды.

Енді осы күзде Астана қаласында өтетін Гран-при бәсекесіне дайындықты бастаймыз. Ал келесі жылы Әлем чемпионатын қабылдаймыз. Ол жерде Лос-Анджелес Паралимпиадасының рейтингтік алғашқы ұпайлары үлестіріледі», -деді Пара дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Жандос Қиянов.

Жалпы жүлде рейтингісі:

1-орын. Қытай - 94 алтын, 76 күміс, 50 қола

2-орын. Ұлыбритания - 49 алтын, 44 күміс, 31 қола

3-орын. АҚШ - 36 алтын, 42 күміс, 27 қола

39-орын. Қазақстан - 2 алтын, 3 күміс, 4 қола.

Естеріңізге саламыз, 28 жастағы Давид Дегтярёв Қазақстан тарихында алғаш рет Паралимпиада ойындарының 2 дүркін чемпионы атанды.

Пара дзюдодан Қазақстан тарихындағы алғашқы чемпион атағы Ақмарал Науатбекке бұйырды.

Оқ атуда ерлер арасында Еркін Ғаббасов бірінші рет қатысып қана қоймай, күміс жүлдені де иеленді.

Жеңіл атлетикада ядро лақтыру сайысы бойынша Дастан Мұқашбеков Азия рекордын жаңартып, алғаш рет қола жүлде алды.

7 спортшымыз алғаш рет Паралимпиадада жүлдеге ие болды.