Әлихан Бәйменов депутаттың тоғызқұмалақ атауын өзгерту ұсынысына жауап берді
Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Әлихан Бәйменов Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың тоғызқұмалақ ойынының атауын тоғыз ат деп өзгерту жөніндегі ұсынысына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлады Elorda.info.
Тоғызқұмалақ – ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны. ЮНЕСКО оны «Адамзаттың мәдени мұрасы» деп 2020 жылы мойындаған. Тоғызқұмалақ ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі. Сырттан келген бірер адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа, ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз. Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде, ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады. Ұлттық ойынның атауы Парламентке де, Үкіметке де, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес. Ол еш адамның, не ұйымның меншігіне жатпайды. Ойынның да, оның атауының да иесі – қазақ халқы, - деді Әлихан Бәйменов.
Оның сөзінше, қазір әлемнің 50-ден астам елінде тоғызқұмалақ көзбе-көз ойналса, интернет арқылы 100 мемлекет тұрғындары түрлі сайыстарға қатысады. 25-30 ел өкілдерінің қатысуымен 6 әлем чемпионаты өткен.
Жаһанға танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшы орында. Қазақстанда 210 мың адам түрлі деңгейде тұрақты шұғылдануда. Мұның бәрі ардагерлер, жаттықтырушылар, ойыншылардың еңбегінің, оларды демеп, қолдап жүрген федерация,тоғызқұмалақ қайраткерлері, кәсіпкерлер, Спорт және туризм министрлігі мен жергілікті әкімдіктер, мәслихат депутаттарының бірлесе атқарып жүрген істерінің жемісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы тоғызқұмалақты дамытуға назар аударуы ортақ іске соны серпін берді. Біз әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуына жұмыс істейміз. Перзенттік парызымызды атқаруға ешкім кедергі бола алмайды, – деді федерация басшысы.
Еске салайық, кеше AMANAT партиясы фракциясының мүшелері атынан Гүлдара Нұрымова Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, «тоғызқұмалақ» ойынының атауын «тоғыз ат» деп өзгертуді ұсынған болатын.