Ким Ир Сеннің төсбелгісі, 19 жылдан кейінгі кездесу: Футболдан ұлттық құрама Солтүстік Кореямен қалай ойнаған?


Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны шеңберінде екінші жолдастық кездесуін Солтүстік Кореяға қарсы өткізеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ойынды Астана уақытымен 19:00-де Qazsport телеарнасынан тамашалай аласыздар.
Қос ұжым неше рет кездескен?
Ресми деректерге қарасақ, алғашқы ойын 2006 жылы 24 ақпан күні Кипрдегі оқу-жаттығу жиыны аясында ұйымдастырылған. Нидерланд маман Арно Пайперс баптаған командамыз Солтүстік Кореямен 0:0 есебімен тең түскен. Құрама сапында Давид Лория, Нұрбол Жұмасқалиев, Андрей Карпович және т.б. футболшылар өнер көрсеткен.
Алайда кей деректерде командалар 1992 жылы 30 маусым күні де Солтүстік Кореяның астанасы Пхеньянда жолдастық кездесу өткізіп, 3:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілген. Құрама сапынан кім соққаны белгісіз. Бұл матч жайлы сол кездегі ұлттық құраманың алғашқы бас бапкері Бақтияр Байсейітов өз естелігінде айтып өткен:
«1992 жылы Құрбан Бердиев Қазақстан ұлттық құрамасында менің көмекшім болды. Біз құрамамен бірге Азия кубогына қатысу үшін Солтүстік Кореяға бардық және қонақүйде бір бөлмеде тұрдық. Құрбан елден алған әсерімен бөлісіп, кедейшілік пен аштықтан қиналған корейліктерге жаны ашитынын, сондай-ақ үнемі қасымызда жүрген корейлік арнайы қызмет өкілдерінен мазасызданатынын айтты. Ал мен өзіміздің бөлменің тыңдалатынын сезіп, сол кездегі Солтүстік Кореяның президенті Ким Ир Сеннің режимін үнемі мақтап отыратынмын.
Кетерден бір күн бұрын есігімізді біреулер қағып, мені өздерімен бірге жүруге шақырды. «Тек Бақтияр Байсейітов керек, ал досыңыз осында қала берсін», – деді олар. Мені бірнеше қабат жоғары көтеріп, корей халқы алдындағы еңбегім туралы сөз оқып, Ким Ир Сеннің төсбелгісімен марапаттады. Бөлмеге қайтып келгенімде, Құрбан маған қызығып, өзі де сондай төсбелгі алғысы келетінін айтты. Оны ренжітпеу үшін кейін марапатталатынын айтып жұбаттым».
Жолдастық ойынның маңызы қандай?
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері міндетін атқарушы Әли Әлиев 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне дайындық мақсатында Түркияда 10-18 ақпан аралығында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Жиынға ұлттық құрамаға үміткер футболшылар шақырылған. Алдағы матч футболшылардың жай-күйін, қабілетін анықтауға мүмкіндік береді.
Солтүстік Корея құрамасы да дәл қазір Түркияда 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне дайындалып жатыр. Олар Азия құрлығының топтық кезеңінде 6 ойын өткізіп, 2 ұпаймен соңғы орында тұр. Енді наурыз айында Қатар мен Біріккен Араб Әмірлігімен күш сынасады.



