Ішкі істер министрі Олимпиада жүлдегерлерімен кездесті
Париж Олимпиадасында топ жарып, жүлде алған динамолық спортшылар Ішкі істер министрлігінде болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Спортшылар ведомство мұражайында тарихпен танысып, естелік кітабына қолтаңба қойып, жылы лебіздерін жазды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді жарқын жетістіктерімен құттықтады.
«Біз сіздердің әрқайсыларыңызды мақтан тұтамыз. Қандай сайысқа шықсаңыздар да, жеңісті болсын! Бұл жалпы қазақ еліне қосып жатқан үлестеріңіз. Тағы да сіздерді шын жүректен құттықтаймын!» – деді полиция ведомствосының басшысы.
Айта кету керек, «Динамо» спорт ұйымының спортшылары Париждегі Олимпиада ойындарында бір алтын (Елдос Сметов), бір күміс (Нұрбек Оралбай) және екі қола (Назым Қызайбай, Александра Ле) жеңіп алды.
«Қазақ еліне көп рақмет! Парижде болғанда қолдауды сезіндік. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне алғысымды білдіремін. Бұйыртса, келесі Олимпиада ойындарында күміс медалімді алтынға айналдыруға барымды саламын. Өсіп келе жатқан жас спортшыларға еңбек етіңіздер, сынбаңыздар дегім келеді», – деді бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай.