«Астананың 500 мыңыншы тұрғыны»: елордалық Ақнұрдың өмірі қалай өзгерді

2002 жылы 27 сәуір күні елорда тарихында ерекше кезең тіркеліп, Астана қаласының тұрғындар саны 500 мың адамға жетті. Осы маңызды межеге Ержан мен Ләззат Мағзумовтардың отбасында дүниеге келген Ақнұр есімді сәби себепкер болды. Бұл тек бір отбасы үшін ғана емес, тұтас қала үшін символдық мәнге ие оқиғаға айналды. Осыған орай Elordainfo.kz тілшісі Ақнұрдың дүние есігін ашуы қала тарихының жаңа парағымен тұспа-тұс келгені және оның өміріндегі өзгерістер туралы сөз өрбітті.
Елордалық Ақнұр 2002 жылы қаладағы №2 перзентханада дүниеге келген. Анасы Ләззат Мағзумованың айтуынша, тұңғышының елорданың 500 мыңыншы тұрғын ретінде тіркелуі күтпеген оқиға болған.
«Біз Астанаға 1990 жылдары Ақмола облысынан көшіп келдік. Алғашқы перзентімізді тағатсыздана күттік. Қыз баланың өмірге келетінін алдын ала білсек те, есім таңдауға асықпадық. Дәстүрімізге сай бұл құрметті міндетті әжесіне тапсырдық. Ал оның елорданың 500 мыңыншы тұрғыны ретінде тіркелуі біз үшін күтпеген, ерекше қуанышты оқиға болды»,- дейді ол.
Ақнұр мектепті сәтті аяқтаған соң, бухгалтерия саласын таңдаған. Қазір ол өз мамандығы бойынша елордада еңбек етіп, кәсіби жолын табысты жалғастырып келеді.
«Қызым Астана каласындағы №3 мектеп-гимназияны бітірген соң, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жоғары колледжіне оқуға түсіп, қаржы мамандығын меңгерді. Кейін Esil University-де мамандығы бойынша жоғары білім алды. Қазір жеке компанияда бухгалтер болып жұмыс істейді», - дейді Ләззат Мағзумова.
23 жастағы Ақнұр Астана тарихындағы символдық сәттің бір бөлігі болғанына мақтанатынын айтты.
«Ата-анам кішкентайымнан бастап газеттерді көрсетіп, «Сен Астананың 500 мыңыншы тұрғынысың, туғаныңда үй берілген» деп мақтанышпен айтып отыратын. Астана тарихындағы осындай маңызды сәттің бір бөлігі болғаным - мен үшін үлкен мақтаныш. Шынымды айтсам, күнделікті өмірімде аса өзгеріс болмаса да, жақындарым бұл оқиғаны үнемі еске алып жүреді», - дейді ол.
Анасы Ләззаттың айтуынша, Ақнұр саяхаттағанды жақсы көреді.
«Біздің қызымыз әр ісіне мұқият, жауапкершілікті жоғары қоя біледі. Кішіпейіл әрі тәрбиелі болып өсті. Психология тақырыбына қызығушылығы зор, жан-дүниені тануға құштар. Саяхаттауды жаны сүйеді және жаңа жерлерді көріп, түрлі мәдениетпен танысқанды ұнатады», - дейді ол.
Ләззат Мағзумованың сөзінше, Ақнұрдың туғаны олардың отбасына жаңа леп, қуаныш пен бақыт әкелген.
«Ақнұрдан кейін ұлды болдық. Алла бізге алдымен қыз берді, артынан несібесін де үйіп-төгіп берді. Ақнұр өмірімізге жарық сыйлап, үйімізге шуағын шашты. Шаттыққа бөлеп, жүрегімізге қуаныш ұялатқан бақытты сәттерді тарту етті. Балаларымыздың барына күнде шүкір айтып отырамыз», - дейді анасы.
Бүгінде, яғни арада жиырма үш жыл өткен соң, Ақнұр жаңа өмірге қадам басып отыр. Қаланың 500 мыңыншы тұрғыны ретінде тіркелген ол, енді өз шаңырағын көтеріп, елордамен бірге өркендеген тағдырын жалғастырмақ.
«Дәл қазіргі уақытта мен үшін ең маңызды мақсат - кәсіби тұрғыда алға жылжи отырып, сол жолда отбасымның бақытын да естен шығармай, екеуін тең ұстау. Өйткені шынайы бақыт тек қана жеке жетістіктермен ғана емес, жақындарымның қолдауымен де байланысты деп есептеймін», - дейді Ақнұр.
Жиырма үш жыл ішінде Ақнұр өз өмірін қалыптастырып, үлкен жетістіктерге жетті. Енді өз шаңырағын көтеріп, туған қаласының өркендеуіне үлес қосуды жалғастырмақ.