«Келешек мектептері»: Астанада 28 мың орынға арналған 7 жаңа мектеп ашылды

Бүгін, 10:38
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views46
«Келешек мектептері»: Астанада 28 мың орынға арналған 7 жаңа мектеп ашылды
Фото: Сұлтан Сейітов, Әмір Теміржан

Білім күні аясында Астанада 28 мың оқушыға (2 ауысымда) арналған жеті жаңа мектеп салтанатты түрде ашылды. Барлығы ұлттық жоба «Келешек мектептері» аясында бой көтеріп, заманауи сыныптармен, зертханалармен және спорт залдарымен жабдықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана әкімдігіне сілтеме жасап.

Барлық мектеп соңғы технологиялар мен жаңа талаптарға сай жабдықталған. Еске сала кетейік, оқу орындары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр.


Жаңа оқу орындары қауіпсіздік пен цифрландыру талаптарына жауап береді. Олардың басты мақсаты – балаларға жайлы білім беру ортасын құру, үш ауысымды оқытуды жою және мектептердегі шамадан тыс жүктемені азайту.


Жаңа білім ордаларының ашылу рәсіміне ҚР Оқу-ағарту вице-министрлері Еділ Оспан, Майра Мелдебекова және Асылбек Ахметжанов, сондай-ақ Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен қалалық Білім басқармасының өкілдері қатысты.


Жаңа оқу жылының басынан бастап елордада 28 мың орынға арналған (2 ауысымда) 7 жаңа жайлы мектеп пайдалануға берілді. Жалпы алғанда, оқу жылы ішінде 15 жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр.


Өткен оқу жылында рекордтық көрсеткішпен 66 мың орынға арналған (2 ауысымда) 24 мектеп ашылған еді. Оның ішінде 16-сы – «жайлы мектептер». Бұл шаралар үш ауысымды оқыту мен мектептердегі жүктеме мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беруде.

Айта кетейік, жаңа оқу жылы қарсаңында елордада жалпы саны 206 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның 122-сі – мемлекеттік, 77-сі – жекеменшік, 7-еуі – республикалық мектеп. Жалпы қамтылған оқушылар саны 310 мыңнан асады.


2025-2027 жылдарға арналған білім беру жүйесін жаңғырту жоспары шеңберінде 22 мектепті жаңарту бекітілген. 2025 жылы қазірдің өзінде 6 білім ордасына күрделі жөндеу жүргізілді.

Бұдан бөлек, биыл бірінші сыныпқа 31 мың бала барды.