Astana sport power Fest ашық жаттығуы мәресіне жетті

Елордада қала тұрғындары үшін өткізілген Astana sport power Fest атты тегін спорттық фестивальдің жабылу шарасы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Астана қаласы Азаматтық Альянсының ұйымдастыруымен өткен спорттық бәсекеде қала тұрғындары әр аптаның сенбісінде армрестлинг, кикбоксинг және өзге де жекпе-жек спорт түрлері бойынша мамандардан ақыл-кеңес алып, тегін жаттықты. Сондай-ақ армрестлингтен Most атауымен федерация кубогы сарапқа салынды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында бұқаралық спортты дамыту бойынша шегелеп айтқан еді. Міне осы мақсатта 5 шілдеден бері тура 2 ай бойы «Атырау» көпірінің астында ешқандай жас шектеуіне қарамай, тегін жаттығу өткізуді қолға алдық. Нәтижесі де жаман емес. 3 мыңдай адамды қамтыдық. Алдағы уақытта жобамыз жалғасын табады деген сенімдемін», - деді Астана қаласы Азаматтық Альянсының басшысы Жомарт Қиялов.
Бұл жобаның ерекшелігі – әрбір жастың бос уақытын тиімді өткізуіне атсалысып, бойындағы спорттық қабілетінің ашылуына мүмкіндік беру.
«Бұл жоба Астана қаласында адам көп қыдыратын жерде өткізіледі. Соның арқасында бір жарым айдай бұрын армрестлинг жаттығуын көріп, жазылған едім. Келгеніме өкінбеймін. Жеңіске жету үшін қара күштен бөлек, техникалық шеберліктің маңызды екендігіне көзім жетті. Алдағы уақытта осы спорт түрін кәсіби түрде жалғастырып, үлкен шыңдарды бағындырсам деген ниетім бар», - деп атап өтті колледж студенті Мұратхан Нұрсұлтан.
Жабылу салтанаты «Жастар» сарайы мәдени орталығының жас өнерпаздарының концертімен жалғасты.



