Астанада 31 мың бала бірінші сыныпқа барды

Бүгін, 10:32
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views61
Астанада 31 мың бала бірінші сыныпқа барды
Фото. Сұлтан Сейітов

Елорданың жалпы білім беретін мектептерінің бірінші сыныптарына 2025-2026 жаңа оқу жылында 31 мың бала қабылданды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар Білім күні аясында елордада 28 мың оқушыға (2 ауысымда) арналған жеті жаңа мектеп салтанатты түрде ашылды. Барлығы да «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып, заманауи сыныптармен, зертханалармен және спорт залдарымен жабдықталды. Жалпы оқу жылы ішінде 15 жаңа мектепті ашу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, жаңа оқу жылының басында елордада 206 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 122-сі – мемлекеттік, 77-сі – жекеменшік және 7-еуі – республикалық мектеп. Барлығы 310 мыңнан астам оқушы білім алуда.

2025-2027 жылдарға арналған білім беру жүйесін жаңғырту жоспары аясында 22 мектепті жаңарту қарастырылған. 2025 жылы олардың алтауы күрделі жөндеуден өтті.

Өткен оқу жылында рекордтық көрсеткішпен 66 мың оқушыға (2 ауысымда) арналған 24 жаңа мектеп ашылған еді. Оның ішінде 16-сы – «жайлы мектеп». Бұл шаралар үш ауысымды оқытуды және мектептердің шамадан тыс жүктелуін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беруде.