Астанада әлеуметтік осал отбасылардан шыққан түлектер ЖОО-ларда білім алады

Астанада 10 жылдан астам уақыт бойы әлеуметтік осал санаттағы жалпы білім беретін мектептердің түлектеріне жоғары оқу орындарында күндізгі оқу түрі бойынша білім алуға әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. Биыл мұндай көмек 50-ден астам түлекке берілді. Осыған орай елордада арнайы сертификаттарды табыстау рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға елорда әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан, қалалық мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден және бірқатар ЖОО ректорлары қатысты.
Айта кетейік, әлеуметтік көмек гранттар түрінде мына санаттағы балаларға көрсетіледі: ата-анасынан айырылған балаларға; балалар үйінің түлектеріне; бала кезінен мүгедектігі бар жандарға; ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға; асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтарға; көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға (соның ішінде ең кіші бала кәмелет жасына толып, ол жоғары оқу орнына түскенге дейін арнайы мемлекеттік жәрдемақы төлемі тоқтатылған жағдайда).
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан елордада сапалы білім беруді дамытуға және жастарға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Ол осы мақсатта әлеуметтік бастамалар мен ғылыми жобаларды қолдау көзделгенін, соның арқасында қалада жастардың білім алуына және жас мамандардың жұмыс істеуіне қолайлы орта қалыптасып отырғанын айтты.
Ерік Мейірханның айтуынша, қолдау бағдарламалары көп жылдан бері жүзеге асырылып келеді: тек 2008 жылдан бері жүздеген студент көмек алған, ал биыл олардың саны 50-ден асты. Жалпы әртүрлі бағыттар бойынша 438 маман дайындалған, олардың 331-і өз білімін табысты іске асырып жүр.
Ол жастарды қолдау әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, елорданың ғылыми әлеуетін дамытуға ықпал ететінін қоса айтты. Осылайша, Астананың болашақ өсіміне берік негіз қаланып, жастарға оқуға, мамандық бойынша өзін жүзеге асыруға және қала өміріне үлес қосуға мүмкіндік жасалып отыр.
Әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің төрт еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда ақшалай төлем түрінде беріледі.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден мемлекет жастарды қолдауға ерекше назар аударатынын, олардың оқуына және өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай мен мүмкіндік жасалып жатқанын атап өтті.
Ол көрсетілген қолдаудың үмітті ақтайтынына, ал білім алушылардың табандылық пен жауапкершілік танытатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, 2024-2025 оқу жылында 22 студент оқуын аяқтады. Ал 2008 жылдан бері қолдау алған 438 түлектің барлығы дипломды маман атанды, олардың 331-і табысты жұмыс істеп жүр.
Биыл басымдық медициналық, педагогикалық және техникалық бағыттарға берілді.
Қазіргі таңда әлеуметтік осал санаттағы 142 адам жоғары оқу орындарында білім алып жатыр, олардың 88-і келесі курсқа өтті.