Елордада Республика күніне арналған жүгіріске 1500 адам қатысты

Бүгін, 11:48
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
views58
Елордада Республика күніне арналған жүгіріске 1500 адам қатысты
Фото: Қанат Байұзақов

Республика күніне орай елорданың «Алматы» ауданындағы Триатлон саябағында жүгіруден жазғы маусымның жабылуы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Биылғы маусымның басты ерекшелігі - жүгіруді серік ететін жандар қаламыздың әр ауданында қашықтықтарды еңсеріп, өздеріне жаңа локацияларды ашты.

Ал маусымның жабылуы жөндеуден өткен, арнайы жүгіру жолағы бар Триатлон саябағына белгіленіп, қаланың әр тұрғыны 5 және 10 шақырым қашықтықты бағындырды. 

«Республика күніне арналған жүгіріске 1 500 адам қатысты. Жақсы көрсеткіш. Қала тұрғындары осындай бұқаралық жүгіріске үйреніп қалды. Тек Триатлон немесе Ботаникалық бақ қана емес, өзге жерлерде де жүгіруге мүмкіндік бар. Бүгін жазғы маусымымыз аяқталса да, қыс мезгілінде жүгірістер жалғаса береді. Осы сәтті пайдалана отырып, 26 қазан күні дәл осы Триатлон саябағында отбасылық дуатлонға қатысуға шақырамын», - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Бұқаралық жүгірісте ерекше жайт та тіркелді. 82 жастағы Амангелді Досжанов та жұрттан қалыспай, 10 шақырым қашықтықты 1 сағат 23 минутта жүгіріп өтті.

«Жүгіруді 79 жасымда бастадым. Егер ниет болса ешнәрсеге кеш емес. Қазіргі сәтте аптасына тұрақты түрде 3 мәрте 5-10 шақырым жүгіремін. Әдетте мен үйімнің қасындағы Күйшілер аллеясы мен Жерұйық саябағын таңдаймын. Себебі ол жерде жүгіруге жағдай жасалған. Көпшілігіміз жапондардың ұзақ өмір сүретініне таңғалып жатамыз ғой. Бірақ қазақтар да салауатты өмір салтын ұстанудан кенде емес. 2024 жылы Run for Autism қайырымдылық жарысына қатысып едім. Міне енді Республика күніне орай ұйымдастырылған жүгіріске қатысуға бел будым», - деп 82 жастағы Амангелді Досжанов өз пікірін бөлісті.

Бұқаралық жүгіріске қатысу толықтай тегін болды және соңында қатысушылардың арасында велосипедтер ойнатылып, естелік медальдар берілді.