Елена Рыбакина WTA 500 турнирінің жеңімпазы атанды
Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінде жеңіске жетті, деп хабарлады Elorda.info.
Финалда Елена Рыбакина әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь теннисшісі Арина Соболенкомен кездесті. Алғашқы сетте қазақстандық теннисші қарсыласын 0:6 есебімен қапыда қалдырды.
Ал екінші cетте Рыбакина 3:6 есебімен Соболенкодан тағы да басым түсті.
Еске салайық, Рыбакина WTA 500 турниріндегі алғашқы ойынында аустралиялық теннисші Оливия Гадекиді 2:0 (6:4, 6:1) есебімен жеңген еді.
Кейін турнирдің 1/8 финалында қазақстандық теннисші әлемнің 30-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенспен ойнады. Бірінші партияда Рыбакина қос брейк жасап, 6:1 есебімен басым түссе, екінші партияда қарсыласын 6:0 есебімен ұтты.
Елена Рыбакина ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 28-орында тұрған ресейлік Анастасия Потаповамен ойнап, алғашқы сетте 6:1 есебімен жеңді. Ал Потапова жарақатына байланысты ойынды жалғастырудан бас тартты.
Жарыстың жартылай финалында қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 40-орында тұрған 19 жастағы чехиялық Линда Носковамен ойнады. Бірінші сетте Рыбакина 6:3 есебімен алға шықса, екінші сетті 6:2 есебімен түйіндеді. Осылайша турнирдің финалына шыққан болатын.