00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елдос Сметов: 2025 жылдың соңы немесе 2026 жылдың басында татамиге ораламын

3 желтоқсан, 2024
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Елдос Сметов: 2025 жылдың соңы немесе 2026 жылдың басында татамиге ораламын
фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Бүгін дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Астана қаласының жас спортшыларымен кездесу өткізді. Осы орайда атақты спортшымыз Elordainfo.kz сайтына да өз жоспарымен бөлісе кетті.

- Сізді ресми жарыстардан қашан көре аламыз?

- 2025 жылдың соңы немесе 2026 жылдың басында татамиге ораламын. Қазіргі сәтте тынығу үстіндемін. Қаңтар айында Лондон қаласына барып, 4-5 ай ағылшын тілін жетілдіру үшін, оқуға аттанамын. Бірінші жоспарым осы. Неге? Себебі, Қазақстан елінде ғана емес, әлемде де танымал дзюдошылардың біріне айналдым. Көптеген жерлерге шақырады. Сондықтан қазақтың бет-бейнесін таныту мақсатында ағылшын тілін меңгеруге міндеттімін.

- Жақында ғана Ақтөбедегі Қазақстан чемпионатына барып, тамашаладыңыз. Өз салмағыңыздағы жаңа чемпионның шығуын күтпеген жайт деп есептейсіз бе?

- Ақтөбедегі Қазақстан чемпионаты сенсацияға толы болды. Бұйырса, Қазақстанның көк туын желбірететін жастар шығатынына сенемін. Біз басқан ізді олар да басып, жетістіктерімізден асып түсуге шамалары жетеді.

- Сіздің чемпион болғаныңыз, артыңыздан ерген жастарды шабыттандырғаны анық. Жетістікке жету үшін күнделікті өмірде қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

- Отанды сүю отбасыдан басталады. Бұл сөзге мән берсеңіз, терең мағынасы бар. Ата-анасын құрметтеп, бала-шаға, туған-туыспен сыйластықта болып, қызмет еткен жан қандай сала болмасын, жетістікке сөзсіз жетеді. Қандай мықты тұлға болмасын, оның артында өз отбасы тұрады. Бұл ойдан шығарған дүнием емес. Жеке өзімнің басымнан өткендіктен, Париж Олимпиадасында топ жардым деп айта аламын.

- Спорт - қиын жол екені белгілі. Алғашқы жарысыңызда қандай жүлде алып едіңіз? Дзюдодағы ерекше қиналған сәтіңіз есіңізде ме?

- 5 немесе 6 жасымда Алматыдағы турнирде 21 келіде белдесіп, чемпион атанғанмын. Ал қиын сәттер өте көп болды. Соның бірі - Өзбекстандағы халықаралық жарыста 40 келіде күресуім қажет еді. Бірақ салмағым 44 келіні құрады. 4 келіні тез арада қуған сәтім әлі күнге дейін есімнен кетпейді.

- Спорттық мансабыңызда ең жоғары шыңды бағындырдыңыз. Өзіңіздің 5 балаңыз да сіздің ізіңізді жалғай ма?

- Балаларым жайлы бір жақты айта алмаймын. Ізімнен қуса, қуанамын. Өз таңдауы болса, үйретіп, көмектесемін. Ата-ана ретінде өз үлесімді қосамын. Әр балаға сана беріп, ата-анамыздың Жер бетінде жүру жақсы екенін сезіндірсе екен деймін.