00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Эдуард Ким: Ниет пен тәртіптің арқасында спортта жетістікке жетуге болады

Эдуард Ким: Ниет пен тәртіптің арқасында спортта жетістікке жетуге болады
Фото: instagram.com/world_aquatics

Эдуард Ким әртістік жүзуден 2023 жылғы әлем чемпионатында жеке сайыстан ел тарихындағы алғашқы қола жүлде және 2024 жылғы әлем чемпионатында аралас жұптық бәсекеде чемпион атанған еді. Осы орайда астаналық спортшы Elordainfo.kz тілшісімен алдағы жоспарын бөлісті.

- Cіздің дисциплинаңыз жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына кірмейді. Оның үстіне сіз жасөспірімдер және ересектер арасында әлем чемпионы атанып үлгердіңіз. Көздеген мақсаттарыңыз орындалды. Енді одан әрі осы спортпен айналысуға сізді не жігерлендіреді?

Спортпен айналысу үшін тек мотивация жеткілікті емес. Менің өмірімдегі басты қағида – тәртіп және сенімділік. Сондықтан әр жаттығуымда шаршап тұрсам да, 100% күшімді саламын. Тынымсыз еңбектің арқасында жемісін жеп келе жатырмын.

- Әлем чемпионаттарында Қазақстанның жүзу спортшылары өз тарихында бір алтын және бір қола медаль жеңіп алған. Қос жүлденің де сізге тікелей қатысы бар. Бұл жетістіктер сіздің өміріңізді қаншалықты өзгертті?

Жүлде алып, тарихи чемпион атанған Эдуард Ким еш өзгермеді. Бәрі бәз қалпы. Әлі де жеңіске жету, шеберлігімді көрсету үшін барымды саламын. Спорт жолын енді ғана бастап келе жатқан жастарға үлгі болғым келеді. Ниет пен тәртіптің арқасында спортта жетістікке жетуге болады.

Фото: instagram.com/world_aquatics

- 2023, 2024 жылдары өз атыңызды отандық спорт тарихына жаздыңыз. Енді 2025 жылдан не күтесіз? Қандай ірі жарыстар бар?

2025 жылы да көптеген жарыстар күтіп тұр. Әлем кубогының кезеңдері, Азия чемпионаты, Қазақстан чемпионаты бар. Басты жарысымыз – шілде айында Сингапур елінде өтетін ересектер арасындағы әлем чемпионаты. Қандай жарыс болмасын, әрқайсысында соңына дейін күресіп, қиындықтарды еңсеремін.

- Сіз бұған дейінгі сұхбаттарыңызда әртістік жүзуге кездейсоқ келгеніңізді айтып едіңіз. Егер жүзу болмағанда қандай спорт түрін таңдар едіңіз?

Егер әртістік жүзу болмағанда командалық спорттың бірімен айналысар ма едім деп ойлаймын. Себебі бос уақытымда достарыммен волейбол мен баскетбол ойнағанды ұнатамын.

Фото: instagram.com/mr.edikkim

- Әртістік жүзу бәсекесі жүзу спортына енгізілгеніне көп уақыт болмады. Ережелер де жыл сайын өзгеріске ұшырайды. Бұл ережелер сіздің өнеріңізге қаншалықты әсер етеді? Бәсекелестік жоғары ма?

Жаңа ереже – мен үшін жаңа сынақ. Жаңа элементтерді үйренуге, бойымдағы жасырын таланттарымды оятуға мүмкіндік береді. Кейінгі үш жылда әлемде бәсекелестік өте жоғары қарқында өсіп келе жатыр деп нық сеніммен айта аламын. Бір орында тоқтап қалмай, үнемі дамып отыру қажет.

- Жаттығу немесе жарыс кезіндегі ең қиын сәтіңізді айта аласыз ба?

Ең қиын сәт – жаттығу барысында бір элементті жалықпай, мың мәрте қайталау. Тек тоқтаусыз жаттығу мен жарыстардың арқасында ғана өз өнеріңді келесі деңгейге өсіре аласың. Өзіңді аямау керек. Күнделікті ағзамды жаттықтыруға бейімделіп кеттім.

- Сұхбатыңызға рақмет!