00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Әділбек Мусин: Жүзуде физикалық форманы жоғары деңгейде сақтау қажет

Әділбек Мусин: Жүзуде физикалық форманы жоғары деңгейде сақтау қажет
Фото: Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясынан

Жүзуден 2024 жылы Қазақстан Республикасының алты рекордын жаңартқан, Париж Олимпиадасының қатысушысы Әділбек Мусин Elordainfo.kz сайтына алдағы жоспары мен жүзудегі әсері жайлы ойымен бөлісті.

- 2024 жылы Париж Олимпиадасына қатыстыңыз, бірнеше рет Қазақстан рекордын жаңарттыңыз. Жалпы өткен жылға қаншалықты көңіліңіз толады?

Өткен жыл оңай болмады, бірақ өте қызықты әрі өнімді болды. Париж Олимпиадасында сәтсіз өнер көрсетсем де, өз нәтижелерімді жақсартуға мүмкіндік туды. Ал бұл – біздің спортта ең маңыздысы. Алға жылжу бар.

- Әр жарыстарда Қазақстан рекорды бірнеше мәрте жаңарып жатады. Рекордтардың жиі жаңаруына не әсер етеді?

Өзіңнің рекордтарыңды жақсарту жаттығу процесінің дұрыс бағытта екенін көрсетеді. Әрине, жылдамдықты тезірек арттырғым келеді, бірақ ең бастысы нәтиже тоқтап қалмауы керек.

- 2025 жылы сіз үшін қандай ірі жарыстар бар? Биыл қандай мақсат қойып отырсыз? Жұмыс істеу барысында қандай қабілетіңізді шыңдауға басымдық бересіз?

2025 жылы жарыстардың көпшілігі жастарға арналған. Жазда ұзақ қашықтық бойынша әлем чемпионаты өтеді. Сол себепті жаттықтырушылармен бірге негізгі басымдықты осы бәсекеге береміз деп ойлаймын. Негізгі мақсат – өз нәтижемді жақсарту, спорттық дағдыларды жетілдіруге бағытталған тәртіп пен команда қолдауын нығайту.

- Жүзу сізге қандай артықшылықтар берді? Тұлға ретінде қалыптасуыңызға қаншалықты әсер етті?

Жүзу маған анық әрі дәл тәртіпті, жауапкершілікті, еңбекқорлықты, жоспарлауды үйретті, қойылған міндеттерді нақты түсіну, шетелдік спортшылармен қарым-қатынас құру, жаңа таныстар табу және спорттық дене бітімін қалыптастыру мүмкіндігін берді.

Фото: Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясынан

- Жаттығу және жарыс кезіндегі ең қиын сәтіңізді айта аласыз ба?

Жарыстар кезінде ең қиыны – «ойыңды сөндіру». Жауапкершілік қатты әсер етеді. Қоғам тарапынан көрсетілетін қысымнан алшақ болуды үйрену керек: «барлығын жеңіп кел», «медальсыз қайтпа», «бірінші орын біздікі» деген сияқты сөздер спортшыға көмектеспейді, керісінше оны уайымдатады.

- Кез келген жүзушінің жетістікке жетуде қандай артықшылықтары болуы керек деп ойлайсыз?

Бұл спортшының өз қалауынан туындауы керек деп ойлаймын. Ата-анасы немесе жаттықтырушысы әсер етпеуі керек. Спортшының бар еңбегі оның әр жаттығуда мықты болуға деген ұмтылысынан шығуы қажет. Егер спортшы барлығын мәжбүрлі түрде істейтін болса, онда одан үлкен жетістіктер күтудің қажеті жоқ деп ойлаймын.

- Егер жүзуді таңдамағанда, қай спортқа барушы едіңіз?

Бала күнімде маған күрес, әсіресе дзюдо қатты ұнайтын. Бірақ ата-анам бойым ұзын болғандықтан (192 см), мені жүзу секциясына беруді шешті.

- Шетелдік жарыстарға жиі қатысасыз. Өзге елдің спортшыларымен де тығыз араласатын шығарсыз? Шетелдік достарыңыз бар ма?

Иә, әрине. Менің шетелдік спортшы достарым бар. Бізді «ең жақын достармыз» деп айтуға келмейді, бірақ араласамыз, жарыстарда бір-бірімізді қолдауға тырысамыз.

Фото: Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясынан

- Физикалық қалпыңызды ұстап тұру үшін қаншалықты жиі жаттығасыз?

Жүзуде физикалық форманы жоғары деңгейде сақтау үшін үнемі жаттығу қажет. Әсіресе бұл жүзуге қатысты. Себебі суды сезіну және оған тірек болу қасиеті шамамен 4-5 күнде тез жоғалады. Жалпы, өз ағзаңды жақсы сезініп, жаттығу мен демалыстың тепе-теңдігін сақтау маңызды. Егер ағзаға артық жүктеме түссе, күш көрсеткіштері төмендейді, иммунитет әлсірейді, бұл жиі суық тиюге әкелуі мүмкін.