00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Дәстүрлі садақ ату өте қарқынды дамып келеді – Диас Ахметов

27 желтоқсан, 2024
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Дәстүрлі садақ ату өте қарқынды дамып келеді – Диас Ахметов
Фото: ҚР садақ ату федерациясы

Соңғы  жылдары дәстүрлі садақ ату –  елімізде танымалдыққа ие.  Elordainfo.kz тілшісі осы  спорттың негізін қалаушы, ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Диас Ахметовтен «Садақ ату спортымен неше жастан бастап айналысуға болады?» «Бүгінгі таңда қай санаттағы азаматтардың ынтасы жоғары?» деген сауалдар төңірегінде сұхбаттасты.

– Астанада дәстүрлі садақ ату спортымен қай  жерде айналысуға болады?

– Кейінгі жылдары дәстүрлі садақ ату өте қарқынды дамып келеді. Мысалы, 2022 жылы алғашқы Қазақстан чемпионатына ешқандай іріктеусіз 100 садақшы қатысса, қазір әр облыстан іріктеуден өткен кәсіби 300 спортшы жүлдеге таласады. Бұның өзі дәстүрлі садақ атудың қаншалықты дамып келе жатқанын аңғартады. Тек Астана қаласының өзінде ересектерге кәсіби түрде садақ атуға дайындалатын Sadaq ATY (Қабанбай батыр даңғылы, 49а),  Mergen (Сарыарқа даңғылы 33/1), Alash Archers (Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, 49/1) атты 3 клубымыз бар.  Одан бөлек, Quantum Tech School, Smart School және қыздарға арналған «Дарын» мектебінде жасөспірімдерге арнайы үйірме ретінде ашылды.

–  Садақ атуға қай санаттағы азаматтардың ынтасы жоғары?  

–  Дәстүрлі садақ ату 7 жастан 70 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Жас ерекшелігі бойынга шектеу жоқ. Кез келген адам  қалаған уақытында осы спортқа ден қойып, айналысып кете алады. Өзге спорттағыдай ерлер мен әйелдерде нысана көздеу барысында айырмашылық жоқ. Ең бастысы садағыңыз болса, жеткілікті. Нарықта да садақтың бағасы айтарлықтай қымбат емес. Әр адам өзі қалаған, қолжетімді бағада сатып ала алады. Көп жағдайда секциямызға 7 жастағы балалар келеді. Ата-бабамыздың төл спорты болғандықтан, оларға меңгеруге аса көп уақыт кете қоймайды.

– Сіздің ойыңызша, дәстүрлі садақ атудың ел ішінде танымалдыққа ие болуына не әсер етті?  

– Танымалдыққа ие болудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, садақ ату дәстүрімізбен тығыз байланысты. Көшпенді халық болған соң ата-бабамызға садақ өте жақын болды. Гендік тұрғыдан бұл қасиет бізге де берілді. Екіншіден, әділдік. Көп жағдайда жеңімпазды анықтауға төрешінің шешімі ықпал етіп жатады. Ал дәстүрлі садақ атуда жеңіске жету тікелей өзіңе байланысты. Үшіншіден, танымалдық. Садақ ату тек қазақ халқында ғана емес, әлем елдерінде де қатты дамыған. Көшпенділер ойынында Аустралия, Испания және т.б 35 елден спортшылардың келуі – соның айқын дәлелі.

– Осы спорт түрі бойынша Астана қаласының Республикалық дәрежедегі орны қандай?

– Елорданың дәстүрлі садақ атуда  –  рөлі жоғары. Ұлттық құрамаға кіретін спортшылардың көбі елордалықтардан құралған. Халықаралық жарыстарда да астаналықтар жүлделі орындарға ие болып жүр. Бірақ жасөспірімдер санаты бойынша ауыл балаларының мүмкіндігі көп. Сәйкесінше, Шымкент қаласы, Түркістан, Маңғыстау облыстары бұл санатта көш бастап тұр. Жалпы 5 жылдың ішінде 19 өңірімізде дәстүрлі садақ ату қолға алынған.  

– Осы жыл  дәстүрлі садақ ату спорты үшін қалай өтті деп ойлайсыз? Көңіліңіз тола ма?  

– 2024 жыл дәстүрлі садақ ату үшін жемісті болды деп айта аламын. Астана қаласында алғаш рет өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны спорт саласындағы мамандардың назарын аударып, ұлттық спорттың одан әрі жандануына үлкен серпін берді. Дәстүрлі садақ ату Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына енді. Бұл алдағы жылдары дәстүрлі садақ атуға жақсы көңіл бөлініп, қолдау көрсетіледі дегенді білдіреді.

–2025 жылға қандай жоспарларыңыз бар?  

– Келер жылы  халықаралық садақ ату федерациясын құруға тырысамыз. Өйткені өзге елдермен әлі ортақ ережеміз жоқ. Салдарынан жарысты қабылдайтын мемлекеттердің ережесімен сайысқа түсуге тура келіп жүр. Әр мемлекет өзіне ыңғайлы нысанада, қашықтықта атқанды жөн көреді. Халықаралық федерация құрсақ, осы мәселені біржақты қыламыз. Одан кейінгі жоспарымыз – ересектер арасында тұңғыш Әлем чемпионатын ұйымдастыру. Ал жастарымыз тамыз айында садақ атудан Мажарстанда өтетін Әлем чемпионатына қатысып, өздерінің үздіктердің қатарында екенін дәлелдеуге тырысады.

–Сұхбатыңызға рақмет.