Бірнеше адамның өмірін аман алып қалған астаналық өрт сөндіруші

Құтқару қызметінің басты міндеттерінің бірі – адам өмірін сақтау, материалдық шығынды барынша азайту және төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсету. Осындай ауыр жауапкершілікті абыроймен атқарып жүрген азаматтардың қатарында елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Ануар Қасенов бар, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Бүгінгі қоғамның қаһарманы – Ануар Қасенов.
Құтқару қызметінің басты міндеттерінің бірі – адам өмірін сақтау, мүлік шығынын азайту және қатер төнген сәтте жедел көмек көрсету. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген бүгінгі қоғамның қаһарманы – Ануар Қасенов туралы сөз етпекпіз.
Ануар – елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің №10 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы. Ол 1996 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 2018 жылдан бері қызмет атқарып келеді.
Төтенше жағдайлар қызметіне Ануар кездейсоқ келген жоқ, ол Ақмола облысы, Макинск қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімінде қызмет еткен әкесінің жолын жалғаған.
Қызмет барысында ол көптеген күрделі өрттерді сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қатысқан. Ануардың арқасында бірнеше адамның өмірі аман қалды, талай отбасылар мүліктерін сақтап қалды.
Ануар – жан-жақты жігіт. Жұмыстан тыс уақытта ол қаладағы №13 орта мектепте ұстаздық етеді. Мектеп қабырғасында өрт қауіпсіздігі бойынша сабақ жүргізеді, «Жас арлан» жауынгерлік ұйымының жетекшісі болып саналады. Оның бастамасымен мектепте құрметті қарауыл сапы құрылып, жас ұрпаққа тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісі көрсетілуде.