«Үнемі уайымдайды»: астаналық өрт сөндіруші жұмысының қыр-сырын айтты

Ертең, 19 қазан күні – қауіп пен қатердің ортасында жүріп, адам өмірін арашалайтын құтқарушылардың кәсіби мерекесі. Мереке қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі Астанадағы Асқар Забикулин атындағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барып қайтты.
Бөлім ерлікпен қызмет еткен өрт сөндірушінің құрметіне аталған. Осыдан тура 3 жыл бұрын Асқар Забикулин қаладағы «Қаһарман» тұрғын үй кешенінде өртенген пәтерден бірнеше адамды құтқарған. Қызметтік міндетін атқарып жүріп, оның денесінің көп бөлігін күйік шалып, қаза тапты. Сондықтан бөлімді тек өртпен емес, батырлықпен күрескен ержүрек жандардың мекені деуге болады.
Оның аумағында өрт сөндірушінің құрметіне қоладан құйылған ескерткіш қойылған. Ғимараттың кіреберісінде Асқар Забикулинге арналған мұражай бұрыш бар. Онда оның суреттері, өмірбаяны мен ерлігі жайлы мәліметтер келушілер назарына ұсынылған.
Дәл осы жерде бізді бөлімше командирі Қуат Молдажанов қарсы алды. Шығыс Қазақстан облысының тумасы 12 жылдан бері қызыл жалынмен арпалысып, көптеген адамды ажалдан арашалап жүр. Кейіпкеріміз бұл мамандықты жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссиясы деп біледі.
«2010 жылы әскер қатарына шақырылдым. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімінде бір жыл қызмет атқардым. Сол жерде маған бұл сала ұнап қалды. Әскерден келген соң, құжаттарымды жинай бастадым. Сөйтіп, келесі жылы, яғни 2013 жылдың наурыз айында осы сала бойынша жұмысқа тұрдым», - деді ол.
Қуат Шынтемірұлының айтуынша, бір өрт сөндіру техникасында жеті адам болады. Олар: жүргізуші, қарауыл бастығы, бөлімше командирі және төрт өрт сөндіруші. Олардың әрқайсысының атқаратын қызметі нақты белгіленген.
«Бір ауысымда 3 бөлімше болады. Әр бөлімшеге бір командир жетекшілік етеді. Мысалы, менің бөлімшемде 7 адам бар. Мен сол мамандарға жауаптымын. Таңертең жұмысқа келгенде алдыңғы ауысымнан техникалық құралдарды, үй-жайларды және аумақты қабылдап аламыз. Егер қандай да бір ақау болса, басшылыққа хабарлап, шешу жолдарын қарастырамыз», - деді спикер.
Өрт сөндіруде ең маңызды құрал – су. Әр өрт сөндіру техникасында 5 тоннаға дейін су болады. Кез келген өрт оқиғасына жеткен соң, бұл суды пайдаланып, кейін сол маңдағы өрт гидранттарынан қосымша су алынады. Олар әрбір ауданда, көшелерде, көпқабатты үйлердің маңында орналасқан.
«Әр күніміз белгісіз. Түнде де, күндіз де шақырту келуі әбден мүмкін. Өрт кезінде біз тек қызыл жалынды өшірмейміз, адамдарды құтқарамыз, оларды қауіпсіз орынға шығарамыз», - деді спикер.
Кейіпкеріміз негізі 9-сыныпты бітірген соң, Ақтөбедегі ауыл шаруашылығы колледжіне түсіп, 2009 жылы бухгалтер-экономист мамандығы бойынша аяқтаған.
«Бұл мамандық тек физикалық күшті ғана емес, шапшаңдықты, дәл шешім қабылдай білуді, төзімділікті талап етеді. Қызыл жалынмен күресу оңай емес. Бірақ мен өз жұмысымды жақсы көремін. Менің ойымша, әрбір құтқарылған адам – біз үшін үлкен жеңіс. Жалпы әр ауысым тыныш өтеді деп айтуға болмайды. Өрт болмаған күннің өзінде біз үнемі дайын отырамыз. Себебі өрт алдын ала ескертпейді», - деді бөлімше командирі.
Мұнда кезекшілік бір күндік ауысыммен өтеді. Өрт сөндірушілер төрт ауысыммен жұмыс істейді. Бір ауысымда 25 маман болады.
Күнделікті жаттығулар, оқыс оқиғаларға дайындық, техниканы тексеру – мұның бәрі кейіпкеріміздің жұмыс кестесінде бар.
«Таңертең таңғы сағат 9.00-де оқу сыныбына барып, сабақ оқимыз. Сабақтар өрт сөндіру тақырыбында өтеді. Кейін таза ауада жаттығулар жасаймыз. Ал айына бір рет тыныс алу жаттығуын өткіземіз. Бұл түтінді аймақта жұмыс істеуге әзірлік», - деді ол.
Түскі астан соң жұмыс жалғасады. Сағат 14.00-де олар жаңадан қосылған қызметкерлермен бірге жаңа тұрғын үйлер, нысандармен сырттай танысуға шығады.
«Елордамыз күннен-күнге көркейіп жатыр. Биік-биік ғимараттар, тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Ал біз қай жерде қандай құрылыс нысандары бар, су көздері қайда орналасқанын біліп жүруіміз керек. Сондықтан өрт гидранттарын тексереміз. Бұл жылына 2 рет жасалатын жоспарлы жұмыс. Гидранттар - біз үшін судың негізгі көзі», - деді командир.
Ал кешкісін - техниканы тексеру, бос уақыт, кешкі ас. Сағат 23.00-де олар ұйқыға жатады. Таңғы сағат 6.00-де оянып, жаттығу басталады. Бұл бір қарағанда тыныш көрінетін ауысым, алайда қатаң тәртіп пен дайындықтың үзілмейтін тізбегі деуге болады.
«Шақыртулардың дені тұрғын үйлерден түседі. Көбінесе адамдар ас дайындап жатып, плитаның үстіне қойылған тамақты ұмытып кетеді немесе сыртқа шығып кетеді. Кейде сымдардың қысқа тұйықталуы себеп болады. Балконда темекі шегетіндер шылымды толық өшірмей тастап кетеді. Бұл да өртке әкелуі мүмкін», - деді ол.
2013 жылы ашылған өрт сөндіру бөлімінде қазіргі таңда 100-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың барлығы – өз ісінің мамандары.
«Ұжым өте ұйымшыл әрі тату. Мұнда респуликаның түкпір-түкпірінен келген жастар. Олардың әрқайсысы бір-бірін қолдауға, көмектесуге дайын. Жалпы өрт сөндіру – командалық жұмыс», - деді командир.
Кейіпкеріміз – үш баланың әкесі әрі сүйікті жар. Келіншегі мен балалары оның әрбір шақыртуға аттанған сәтінде алаңдап отырады. Бірақ ол бұл жолды өзі таңдағанын, қиындықты қабылдауға дайын екенін жеткізді.
«Жанұям үнемі уайымдайды. Бұл түсінікті жағдай. Бірақ мен өз жұмысымды жақсы көремін. Балаларым «Менің әкем – өрт сөндіруші» деп мақтанады. Бұл мен үшін үлкен мәртебе», - деді ол.
Бүгінде Қуат Молдажанов – тәжірибелі әрі кәсіби маман. Қауіп-қатердің ортасында болып, адам өмірін арашалауды өмірлік миссиясы деп санайтын кейіпкеріміз секілді мамандар – қазіргі күннің батырлары. Олар үшін әр ауысым – дайындық, әр шақырту – сын сағаты, ал әр құтқарылған адам – жеңістің ең үлкені.