Боксшы Махмұд Сабырхан «Странджа кубогында» рингке шыға алмайды


Болгарияның София қаласында өтіп жатқан бокстан «Странджа кубогында» Махмұд Сабырхан шаршы алаңға шықпайтын болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
54 келі салмақта өнер көрсететін боксшы Қазақстан ұлттық құрамасымен Болгарияға жарысқа қатысуға барған еді. Махмұд бүгін рингте Косово елінің өкілі Башким Байокуға қарсы жекпе-жек өткізу керек болатын. Алайда дәрігерлер Сабырханға бұл кездесуге шығуға рұқсат бермеген.
«Боксшы тағамдық инфекция жұқтырған. Оған 3 наурызға дейін жарыстарға қатысуға тыйым салынады», - деп жазылған медициналық анықтамада.
Айта кетейік, «Странджа» халықаралық турнирі кіші әлем чемпионатына жатады. Кеше ұлттық құрама сапында 4 боксшы бұл жарысты ерте аяқтады. Бүгін шаршы алаңға Қазақстан ұлттық құрамасының 18 спортшысы шығады.



