Бақыт Сәрсекбаев: Түпкі мақсатымыз – 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында жеңіске жету


22 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионаты жүлдегерлерін Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жаттықтыратын болады. Бұл туралы Қазақстан бокс федерацияның ресми парақшасы жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бақыт Сәрсекбаев чемпионат жеңімпаздары қандай халықаралық шараларға қатысатынын айтты.
«22 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері жазда Шри-Ланкада өтетін 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатына (World Boxing ұйымы) дайындалады. Алдағы уақытта спортшылар тереңдетілген медициналық тексерістен өтіп, оқу-жаттығу жиынына кіріседі. Жаттығудың қорытындысы бойынша Шри-Ланкадағы бәсекеге баратын боксшылар белгілі болады», - деді ол.
Сәрсекбаевтың айтуынша, 22 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары ұлттық құрамамен бірге жаттықпайды, оларды Владимир Ким, Нұрлан Айтуаров, Ермек Ертаев, Қанат Әбутәліпов сияқты бапкерлер жаттықтырады.
«Ұлттық құраманың көшбасшылары әлем чемпионаты, Азия чемпионатына дайындалады. Мақсаттары басқаша. Біз бір-бірімізге кедергі келтірмейміз», - дейді ол.
Олимпипада чемпионының айтуынша, чемпионат барысында жарқын көзге түскен боксшылар аз.
«Көпшілігіне шеберлік жетіспейді. Алдағы уақытта әрқайсысымен жұмыс істейміз. Түпкі мақсатымыз – 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасы», - дейді Сәрсекбаев.