Азиада-2025: Қандай елдер жүлде алды?


Кеше 2025 жылдың басты спорттық додасы саналатын Харбиндегі IX қысқы Азия ойындары ресми аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
11 спорт түрінен 64 жүлде үлестірілген бәсекеде жарыс қожайындары 50% «алтынды» өздерінде қалдырды.
⁃ 2011 жылы Алматы мен Астана қалалары қабылдаған VII қысқы Азиада да Қазақстан 32 алтын медаль жеңіп алған болатын.
8 жылдан кейін ұйымдастырылған Қытай еліндегі спорт мерекесіне рекордтық 34 мемлекеттен 1 275 спортшы қатысты. Нәтижесінде алғаш рет 9 елдің өкілі жүлде тұғырына көтерілді. Олардың арасында Филиппин, Тайпей, Таиланд тарихи медальді еншіледі.
⁃ Бұған дейін ең көп 8 ел медальді 2011 жылғы қысқы Азия ойындарында иеленген еді.
Филиппин еліне тарихи алтын жүлдені Швейцариядан ауысқан Еуропа чемпионатының жүлдегері Марк Пфистер, жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының жүлдегері Кристиан Халлер, Енрико Пфистер, Алан Фрей алып берді. Бұл ел жарыс жолында Қазақстанды 4:1 есебімен жеңді.
Таиланд сапынан Франция азаматтығы бар, 2004 жылғы әлем чемпионы, франциялық Матиас Векстин жаттықтыратын Паул Вьюкстемпс қола жүлдегер атанды.
Тайпейден конькимен жүгіруден 500 метр қашықтықта Чэнь Инчжу мәре сызығын үшінші болып кесті. Бұл спортшы 2017 жылы ролик тебуден әлем чемпионатының күміс жүлдесін (300 метр) алған. Артынша конькимен жүгіруге ауысты.
2029 жылғы X қысқы Азия ойындарын қабылдайтын Сауд Арабиясын биылғы дебютін тамашалау да көпшіліктің қызығушылығын тудырғаны анық.
Бұл ел кёрлингтен ерлер құрамасы (5 спортшы) топтық кезеңде 5 ойын өткізді (1 жеңіс, 4 жеңіліс).
Ал тау шаңғысынан 3 спортшысын қосты. Ел тарихындағы алғашқы қысқы Олимпиаданың қатысушысы, АҚШ-та дүниеге келген Абди Файек мәреге жете алмады. Әйелдер сайысында ғана Жоуд Фархуд 19-орыннан көрінді. Тағы бір өкілі Шарифа Әл-Судайри мәреге жетпеді.
Бутаннан дебют жасаған Ченжо Дорджды 2 жасында Францияда бір отбасы асырап алған. Содан бері Францияда тұрады. Тау шаңғысынан 23-орын алса да, FIS (Халықаралық шаңғы федерациясы) тарапынан лицензия алу мәселесі туындап, көрсеткіші есептелмеді.
Камбоджаның 4 сноубордисі дебют жасағанымен, өз сұхбаттарында Оңтүстік Кореяда 2 ғана апта жаттығып, үйренгендерін айтты.
Жалпы жүлде кестесі:
1-орын. Қытай -32 алтын, 27 күміс, 26 қола
2-орын. Оңтүстік Корея - 16 алтын, 15 күміс, 14 қола
3-орын. Жапония - 10 алтын, 12 күміс, 15 қола
4-орын. Қазақстан - 4 алтын, 9 күміс, 7 қола
5-6-орын. Өзбекстан - 1 алтын
5-6-орын. Филиппин - 1 алтын
7-орын. Солтүстік Корея - 1 күміс
8-9-орын. Тайпей - 1 қола
8-9-орын. Таиланд - 1 қола
Сізге қай елдің спортшылары ерекше әсер қалдырды?



