Қазақстан Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды

16 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстан Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды
Фото: olympic.kz

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы теннистен Азия/Тынық мұхиты аймағының Billie Jean King Cup Final Juniors іріктеу турнирінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ширек финалда қазақстандық теннисшілер Үндістан құрамасын жеңді. Алғашқы кездесуде Еркежан Жанатаева екі сағатқа созылған матчта Мундхе Аруннан 6:7 (3:7), 6:4, 6:3 есебімен басым түсті.

Қазақстан құрамасына шешуші ұпайды Ева Корышева әкелді. Ол Аахан Ааханды 6:1, 6:1 есебімен сенімді түрде жеңді.

Осылайша, отандастарымыз қараша айында Чилиде өтетін жасөспірімдер арасындағы Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды.

2023 жылы Қазақстан құрамасы Севильяда өткен әлем чемпионатының финалдық кезеңінде тоғызыншы орын алған болатын.

Айта кетейік, бүгін іріктеу турнирінің жартылай финалында Ярослава Шведованың шәкірттері Оңтүстік Корея және Тайбэй құрамалары арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.