Астаналықтар шахмат Олимпиадасының күміс жүлдегерлерін қарсы алды
Бүгін шахматтан Мажарстанда өткен Олимпиадада тарихи күміс жүлдені жеңіп алған жерлестеріміз оралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Шахматтан 10-23 қыркүйек күндері аралығында Мажарстан астанасы Будапештте өткен Олимпиадада қыздар құрамасы өз тарихында алғаш рет 2-орын алды.
1-орын. Үндістан – 19 ұпай;
2-орын. Қазақстан – 18ұпай;
3-орын. АҚШ – 17 ұпай.
«Баршаңызды тарихи жүлделеріңізбен құттықтаймын! Сіздер ұлтымыздың интеллектуалдық жағынан дамып жатқанын әлемге тағы да дәлелдедіңіздер. Қазіргі таңда елімізде 200 мыңнан астам адам 7 мыңдай шахмат үйірмесінде жаттығады. Сіздердің жеңістеріңіз өзге де жерлестерімізге серпін беріп, одан да жоғары жетістіктерге жететінімізге сенімдімін», - деді ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Аталған жарыста әйелдер арасында 180 мемлекеттен 907 қатысушы, оның ішінде 71 гроссмейстер және 163 халықаралық шебер бақ сынады.
Командада әлем, Азия чемпиондары, жүлдегерлері мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрман, Ксения Балабаева, Әмина Қайырбекова өнер көрсетті.
«Әлемнің барлық дерлік елдері жиналған сайыста кіл мықтылармен күш сынастық. Дәл осындай жүлде аламыз деп ойламадым. Алайда шамамыз келгенше, бар күшімізді салдық. Мен, Алуа Нұрман, Әмина Қайырбекова үшін алғашқы Олимпиада болғандықтан, сәл тәжірибе жетіспей қалды. Бірақ күміс жүлденің өзі әлі алға ұмтылу керектігін көрсетеді», - деп ұлттық құрама мүшесі Меруерт Камалиденова жарысты қорытындылады.
Қыздарымыз қарсыластарымен қалай ойнады?
1-үстел. 20 жастағы Бибісара Асаубаева – 3 жеңіс, 6 тең;
2-үстел. 19 жастағы Меруерт Камалиденова – 3 жеңіс, 4 тең, 3 жеңіліс;
3 үстел. 18 жастағы Ксения Балабаева – 4 жеңіс, 5 тең;
4 үстел. 17 жастағы Алуа Нұрман – 6 жеңіс, 2 тең, 2 жеңіліс.
Резерв. 18 жастағы Әмина Қайырбекова – 4 жеңіс, 2 тең.
«Шахматтан Қазақстанның ішінде бәсекелестік өте жоғары. Міне, сол іріктеуден өткен 5 шахматшымыз Олимпиадада ел намысын қорғады. Бірақ жаһандық додаға бара алмай қалған жастарымыз бар. Күміс жүлденің өзі ұлттық құрамада ұзақ уақыт қалады дегенді білдірмейді. Ал Жансая Әбдімәлік пен Динара Сәдуақасова отбасылық жағдайына байланысты қатыспады.
Шахмат Олимпиадасы – бұл шахмат әлеміндегі ең айтулы бәсеке. 2023 жылы командалық әлем чемпионатында да орын алғанда, көпшілік кездейсоқтыққа балап еді. Енді Олимпиадада жүлде тұғырынан қайта көрінуіміз бұл спорттың дұрыс бағытта дамып жатқанын, өзгелер де санасу керектігін дәлелдеді», - деп Қазақстан әйелдер құрамасының бапкері Александр Моисеенко пікірін білдірді.
Аталмыш Олимпиаданың ерекшеліктері:
- Шахмат Олимпиадасы алғаш рет Мажарстанда өтті.
- Бастапқыда Олимпиада Минск (Беларусь) қаласында өтуі тиіс еді. Алайда талаптардың орындалмауына байланысты Мажарстанға берілді.
- Ресей мен Беларусь мемлекеттері жарысқа жіберілмеді.
- Алғаш рет босқындар құрамасы қатысты.
- Жарыс барысында аруларымыз 8 жеңіс, 2 тең, 1 жеңіліс нәтижесін тіркеді.
- Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева, Әмина Қайырбекова турнирді жеңіліссіз аяқтады.
Айта кетейік, бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасы 2 жылда бір өтеді. Осыған дейінгі доданы 2022 жылы Үндістанның Ченнай қаласы қабылдаған. Сол кезде Қазақстан әйелдер командасы (Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Гүлісхан Нахбаева, Ксения Балабаева, Назерке Нұрғали) 352 ұпаймен үздік бестікті түйіндеді. Жансая Әбдімәлік 1-тақта бойынша қола жүлдегер атанған. Бұл осыған дейінгі ең үздік көрсеткіш болған еді.