Астанада грэпплингтен кезекті әлем чемпионатының үздіктері анықталады
Көрермендер грэпплингтен 7-12 қазан аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек спорт сарайында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылардың өнеріне куә болады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Биылғы жарысқа әлемнің 31 елінен 1 800-ден астам спортшы қатысады. Чемпионат барлық жас топтары – U15, U17, U20, ересектер мен ардагерлер арасында Grappling және Grappling Gi бойынша өтеді.
«UWW аясында 2016 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлем чемпионаты жыл сайын үздіктерді анықтайды. Міне, осымен Қазақстан өз тарихында үшінші мәрте әлем чемпионатын қабылдап жатыр. Әзірше жаһанда бірде-бір ел үш рет ұйымдастыру құқығына ие болмаған. Екіншіден, биылғы доданың ерекшелігі тек ересектер ғана емес, барлық жарыстарды қамтып жатыр. Бұл жас спортшыларымыздың тәжірибесін шыңдауға үлкен мүмкіндік. Мысалы, шетелдегі жарыстарға 80-90 спортшыны ғана апаруға орайы келсе, өз жерімізде 200-ге жуық жерлестеріміз жүлдеге таласады. Оның кейбірі үшін бұл мансабындағы бірінші ірі жарыс деуге болады. Жалпы әлемдік деңгейде Қазақстанның да өзіндік орны бар. 2023 жылы Варшавадағы әлем чемпионатында спортшыларымыз жоғары нәтиже көрсетті. Бірақ биылғы құрамда айтарлықтай өзгеріс бар. Бұл дегеніміз – осы спорт түрінде еліміздегі бәсекелестіктің жоғары деңгейде екенінің айқын дәлелі деуге болады», - деді Астана қаласының аға жаттықтырушысы Тоқтар Зарубеков.
Қазіргі сәтте Қазақстаннан бөлек, ең көп спортшыларын АҚШ, Ресей, Украина, Польша, Франция мемлекеттері қосып отыр. 2023 жылғы әлем чемпионатын еске түсірсек, жастарымыз 24 алтынмен жалпы есепте бірінші орын алса, ересектеріміз Grappling Gi-да сенсациялық бірінші орын, грэпплингте екінші орын, әйелдер құрамасы Grappling Gi-да жалпы есепте екінші орынға тұрақтаған еді.
«Әлем чемпионатына қатысу үшін Қазақстан чемпионатында финалға шығу қажет еді. Қазіргі сәтте өзім екі дүркін ел чемпионы, Азия чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері деген атағым бар. Осы жарысқа дайындалу үшін, оқу-жаттығу жиынын Щучинск қаласында өткіздік. Барлығымыздың жоғары деңгейде өнер көрсетуге тырысамыз. Бәсекелестік өте жоғары. Украина, Ресей, АҚШ елдерін басты қарсылас ретінде есептеймін. Бұл спортта ешкім соққы жұмсамай, техникалық шеберлік пен ақыл бағаланады. Грэпплингте бразилиялық джиу-джитсу, дзюдо, грек-рим, еркін күрес, самбоның әдіс-тәсілдері қолданылады», - деп Мансұр Жантеміров атты қатысушы өз пікірін білдірді.
Айта кетейік, елорда аталмыш спорт түрінен әлем чемпионатын үшінші рет өткізіп жатыр. 2018 және 2019 жылдары да Астана қаласы айтулы бәсекені қабылдаған болатын. 5-6 жыл бұрынғы бәсекеге 20-дан астам елдер келсе, биылғы көрсеткіш одан асып тұр. Бұл да өзіндік жетістік.