00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада ат спорты түрлерінен фестиваль басталды

Астанада ат спорты түрлерінен фестиваль басталды
Фото: Қанат Байұзақов

Бүгін «Қазанат» атшабарында Республика күні және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай Ұлттық ат спорты фестивалі аясында бәйге жарыстары және көкпардан ересектер арасында солтүстік аймақтың шабандоздарына арналған республикалық турнирдің алғашқы жарыс күні басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау және көкпардан үздік спортшыларды анықтау мақсатында өтетін турнирге 7 команда тіркелді.

Жеребе қорытындысы бойынша А тобына Астана қаласы, Павлодар, Ақмола облыстары, Қарағанды қаласы түссе, Б тобында Қарағанды облысы, Қостанай облысы, СҚО өзара кездеседі. Бүгін топтық ойындар өтсе, ертең жүлдегерлер белгілі болады.

Көкпар ойынында жүлделі алты орын болады. Көкпар турнирінің жалпы жүлде қоры – 12 миллион теңгені құрайды.

Ал фестиваль аясында 12 қазан күні бәйге түрлерінен сайыстар да өтеді. Яғни бәйгенің құнан бәйге, жорға жарыс, топ бәйге, аламан бәйге ұйымдастырылады.

«Ұлттық спорттан оңтүстік өңірдің көшбасшы екендігінен барлығы хабардар. Өткен айда елімізде алғаш рет өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бұл сөзіме айқын дәлел. Осы орайда еліміздің солтүстік өңірінде ұлттық спортқа ден қойғандарды да жігерлендіріп, алға жылжытуымызға осындай жарыстар жақсы әсерін тигізбек», - деді Астана қаласы бойынша «Бәйге» федерациясының төрешісі Гүлнар Базарханова.

Оның айтуынша, бәйге бойынша бүгінде онлайн түрде 56 ат тіркелген. Бұл тізім әлі де толығуы мүмкін. Оның ішінде Аламан бәйгеге – 14, құнан бәйгеге – 14, топ бәйгеге – 20, жорға жарысқа 8 ат тіркелді.

Бәйге жарыстарының жалпы жүлде қоры – 20 милллион теңге. Соның ішінде аламан бәйге ғана 5 орынға дейін жеңімпаздарды анықтайды. Қалған бәйге түрлері 3 орын ғана үлестіріледі.