Астанада алғаш рет боччадан халықаралық турнир өтеді


Биыл Астанада Қазақстан тарихындағы алғашқы халықаралық Astana 2025 World Boccia Challenger бочча турнирі өтеді. Бұл жарысты ұйымдастыруға Халықаралық бочча федерациясы қолдау көрсетті. Жарыс 20-28 тамыз аралығында өткізілмек. Бұл туралы Қазақстан Бочча федерациясының вице-президенті Назым Жангазинова ОКҚ алаңында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл челленджер – жай ғана турнир емес, Қазақстан спорты үшін жаңа қадам. Бұл іс-шара еліміздің әлемдік паралимпиадалық қозғалысқа толыққанды интеграция жолында алған маңызды белес.
Аталған турнир қазақстандық спортшыларға 2028 жылы Лос-Анжелесте өтетін Паралимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингтік ұпай жинауға мүмкіндік береді.
«Бүгінгі таңда жарысқа Еуропа, Азия, Таяу Шығыстағы 14 мемлекет өздерінің қатысатынын растаған болатын. Алда әлі екі айға жуық уақыт бар. Бір айдың ішінде басқа да елдер өздерінің қатысатынын растайды деп күтіп отырмыз. Жарыс бағдарламасына жекелей, жұптық және командалық бәсекелестер кіреді», – деді Назым Жангазинова.



