«Бәрі аяқталды»: Жұлдыз Әбдукәрімова жақсы жаңалығымен бөлісті


Белгілі актриса Жұлдыз Әбдукәрімова өзінің Instagram парақшасында пәтеріне қатысты іс аяқталғаны туралы жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Актриса былтыр қазан айында үш жыл бұрын сатып алған үйінің құжаттарын әлі күнге дейін ала алмай, құрылыс компаниясын сотқа берді.
«Жақсы жаңалық. Ең алдымен алғыстан бастағым келеді… Өздеріңізге белгілі сот мәселесі бойынша іс жүріп жатты. Жария етіп жазған күннен бастап, маған тілеулес, жанашыр, кеңесші, жол сілтеуші болған әр жанға алғыс. Бұл жаңалықтың жақсы жері сол, мен үшін бәрі де аяқталды. Балаларыма, өзіме тиесілі дүние қайырымен қайтты. Әу бастан бұл жағдайды сынағым деп қабылдағаным рас. Ешкім, ешқашан үйрете алмайтын өмірлік сабақ болды. Айналамда жаным-күнім деп, айналып-толғанып жүрген жандар бір-ақ күнде зым-зия болғанын көрдім. «Не көмек» деп галочка үшін суық қана sms жолдағандар да болды. Керісінше үнсіз ғана қасымда болып, қолынан келгенін жасап, көмектесуге тырысқан жандарды да көрдім. Бастысы айналамдағы адамдар сүзгіден өтті», - деп жазды ол.
Жұлдыз Әбдукәрімова аталған істің оңды шешілуіне септігін тигізген прокуратура өкілдеріне, адвокатына алғысын жеткізді.
«Мемлекеттік құзырлы органдарының табалдырығын тоздырғаным да рас. Заң саласында біраз білімім артты десем артық болмас.
Енді адвокатсыз қол қоймайтын темірдей тәртіп енді. Енді бұл тақырыпқа қайта оралғым келмейді», - дейді ол.



